01 ақп, 2022 сағат 11:08

ЖРВИ-мен ауырғандардың 50%-ға жуығы балалар – министр


Ел бойынша 1,5 млн адам коронавиурсқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша А тұмауы вирусының айналымы байқалады. Лабораториялық деңгейде барлығы 500-ден астам тұмау жағдайы анықталды. 

2019 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттану 1,2 есеге өсті. Соңғы аптада сырқаттанудың жоғары деңгейі сақталып, балалар арасында 13% өсті», - деді ол.

Айтуынша, офлайн оқытуға көшкен балалардың КВИ және ЖРВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі сақталып отыр.

«ЖРВИ-мен ауырғандардың 50%-ға жуығы балалар екенін ескере отырып, аумақтардың әкімдері тәрбие және білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралардың сақталуына және уақтылы медициналық көмек көрсетуге назар аударуы қажет. 

КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай Министрліктің тұрақты бақылауында. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін вакцинациялауды, ревакцинациялауды және маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, халық көп жиналатын орындарға баруды болдырмау сияқты профилактикалық шараларды сақтауды жалғастыру қажет.

Әрқайсымыздың осы шараларды орындауға деген ұмтылысымыз бәрімізге аурудың дамуын басқаруға және пессимистік сценарийдің орындалуына жол бермеуге мүмкіндік береді», - деді Ажар Ғиният.