02 ақп, 2022 сағат 16:23

ЖОО-лар мен ғылыми зерттеу институттары 500-ден астам білім бағдарламасын әзірлейді


Алматыда жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының форумы өтті. Шара барысында білім мен ғылым интеграциясы мәселелері талқыланып, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауқымды шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов және өзге де жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. 

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі бүкіл ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысын жүргізу міндеті тұр, 

«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көшбасшы елдер білім мен ғылымды тиімді біріктіре алды. Қазақстанда да мұндай тәжірибе бар, біздің бірқатар ғылыми ұйымдар жоғары оқу орындарымен өзара табысты жұмыс істеуде. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты вирусология бойынша жаңа білім бағдарламасын әзірледі, бірлескен диссертациялық кеңес ашып, кадр даярлауды бастап кетті. Біздің алдымызда еліміздегі барлық ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысын жүргізу міндеті тұр, осы мақсатта бүгін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады», – деді ол.

Министр биыл жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім бағдарламасын әзірлейтінін айтты. 

Бұл ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдалануға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ студенттермен соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады. 

Бұдан бөлек, бірлесе маман дайындау үшін ғылыми-зерттеу институттарының зертханалары магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады.

«Олар Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Биологиялық қауіпсіздік институты және тағы да басқа бірегей ғылыми зертханаларда жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады.Сонымен қатар 100-ден астам диссертациялық кеңес құру жоспарланған. Жалпы, білім мен ғылым интеграциясы күшейтіліп, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру тетігі жанданады», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Сондай-ақ форум аясында университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасында білім және ғылым ықпалдастығын нығайту туралы келісімдерге салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және 16 ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасты. 

Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Математика және математикалық модельдеу институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және өзге де ғылыми институттар бар.