Елбасымыз Н.Назарбаевтың 5 қазан 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бүгінде отырарлықтардың жүрегіне жол табуда. Әсіресе өңірдегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жұмыстарында үлкен серпін бар. Осыған орай аудандағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Салхутдинұлы Әлішпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Құрметті Рыскелді Салхутдинұлы, қазір әлемде технология қарыштап дамып, электронды, цифрлы жүйе ауылда жүрген біздің өмірімізге де еніп үлгерді. Елбасымыз Н.Назарбаев әлемдегі озық 30 елдің қатарына ену үшін еліміздегі цифрлы жүйені дамыту қажеттігін айтқан болатын. Ол үшін арнайы бағдарлама қабылданып, жұмыстар басталып та кеткен еді. Осы бағдарламаның мәні мен мақсаты жайында айта кетсеңіз.
- 2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827-қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын болашақтың цифрлық жағдайын жақсартуды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау. Аталған бағдарлама 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және елдің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беріп, еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне мүмкіндік жасайтын болады. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама елімізде үлкен жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашуда. Оның айқын дәлелін өзіміздің аудан өміріне еніп үлгергенінен де аңғаруға болады.
- Ауданымызда бұл бағдарлама бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
- Негізінде цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады. Ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Ал, ауданымыздың өзінде білім саласында педагогтарды жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыру қолға алынып, мектептер пилоттық режимде осы жүйеге енгізілді.
Барлық мектептерде jumys.Sitcen.kz сайтына енгізілді. Орнатылған жүйе өтініштерді онлайн режимде тапсырып қана қоймай, ашық конкурстық іріктеудің өтуіне мүмкіндік береді. Яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, арыз-шағымдар саны азайып, педагогикалық құрамның сапасы артты. 2018-2019 оқу жылында 23 жалпы, 6 негізгі орта, 11 бастауыш мектептер Kundelik.kz сайтына тіркелді.
Кең жолақты интернетпен 94 пайыз мектеп жабдықталған болса, қалған үш мектепті қосуға қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта түгел қосылатын болады.
Сонымен қатар аудан бойынша 14 білім мекемесінде WI-FI желісі орнатылған болса, қалған мектептерді қамту үшін сметалық құжаттар жасалып, тиісті қаржы бөлінген. Алдағы уақытта білім ордалары 100 пайыз WI-FI-мен қамтамасыз етіледі.
- Рыскелді аға, негізінен цифрландыру жүйесі тұрғындар үшін қай жағынан алсақ та тиімді. Мәселен, халық тұтынатын көптеген коммуналдық қызметтерді, емхана қызметін және тағы да басқа салалардағы қызметтерді кезек күтіп болмаса орталықтан шалғай орналасқан ауылдардан ат арытып келмей-ақ алуға мүмкіндіктер бар. Осы бағытта ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсеңіз.
- Иә, қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған интернет желісі мемлекеттік қызмет саласына да біртіндеп еніп келеді. Біз оның тиімді жақтарын пайдалану арқылы жұмыс күшін арттыра аламыз. Мәселен, денсаулық саласына келер болсам бұл салаға қарасты мекемелер толық кең жолақты интернетке қосылған. Қабылдау бөлімі, хирургия, терапия, перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімдерінде КМИС жүйесі орнатылып, жұмыс жүргізілуде. Жалпы қағазсыз қызметке толық көлемде 2019 жылдың бірінші тоқсанында көшу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде емханаларда кезек күту мен дәрігерлердің қабылдау уақыты қысқарады. Тұрғындардың медициналық көмек көрсету сапасына қанағаттану деңгейі артатын болады.
Ауданымыздың негізгі ауыл шаруашылығы саласы да өркендеп келеді. Бүгінде аудан бойынша барлық суармалы жер көлемі 43674 га. болып отыр. 2018 жылы электронды картаға жоспар бойынша 28980 га. енуі керек болса, электронды картаға (Minagro.kz) 29248,7 га. жер енгізіліп, 101,5 пайызға орындалды. Сонымен бірге жайылымдық жерлерді де цифрлық қартаға ендіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Аудан орталығы Шәуілдір ауылындағы 517 дана жарықшамдар толықтай автоматтандырылған уақытпен (таймер) жұмыс істейтін құрылғылар арқылы жүзеге асырылуда және күн энергиясынан қуат алатын 126 дана жарықшам орнатылған. «Қазақтелеком» мекемесі тарапынан ауданымыздың Шәуілдір, Темір және Ш.Қалдаяқов ауылдарында оптикалық-талшықтық желі енгізілген. Сонымен қатар аталған ауылдарда «Қазақтелеком» мекемесі тарапынан 4G байланыстары орнатылды (Теле 2 және алтел байланыстары).Сондай-ақ аудандық ішкі істер бөліміндегі ситуациялық орталықтың жұмысын жандандыру үшін ауданда республикалық, облыстық маңызы бар жолдар мен саябақтарда 34 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның ішінде 25-і ІР-бейнекамералары. Электронды әкімшілік іс жүргізу үшін «Е-уголовное дело» тиісті техникалық құралдармен толығымен қамтамасыз етіліп, бүгінгі таңда барлық әкімшілік істер электронды нысанда жүргізілуде.
«Қазақтелеком» мекемесі тарапынан байланыс қызметінің төлемдері үшін терминалдар және онлайн режимде интернет жүйесі арқылы төлем жасауға мүмкіндік жасалған.
«Мұхтарәлі» ЖШС-де жолаушылар тасымалдайтын 25 дана шағын автобустарға GPS қондырғылары орнатылса, «Энергопоток» ЖШС-мен тұтынушыларға пайдаланылған электр қуаты ақысымен «Касса 24» және «KIWI» электронды төлем терминалдары арқылы есеп айы-рысу мүмкіндіктері қарастырылған.
- Рыскелді Салхутдинұлы, ауданымыздың әлеуметтік саласында электронды еңбек биржасының алатын орны ерекше екенін ел біледі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
- Электронды еңбек биржасы www.enbek.kz. электронды еңбек биржасы жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері мен қызметшілер құрамын іріктеуді қамтамасыз етуге арналған бірыңғай сандық алаңы. Бүкіл республика бойынша бос жұмыс орындары және жұмыс іздеушілер туралы мәліметтер күн сайын жаңартылады. Өздігінен жұмыс берушілерге және іздеушілерге мемлекеттік еңбек дерек қорынан бос жұмыс орындарын және түйіндемелердің деректерін онлайн арқылы алуға болады.
Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы электронды еңбек биржасымен 300-ден астам азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 252 азамат жұмысқа орналасты. Аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер және ауыл әкімі аппараттары тарапынан баламалы түрде электронды портал арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 2018 жылдың 9 айдағы көрсеткіші 62,6 пайызды құрады (меже 30 пайыз).
- Рыскелді Салхутдинұлы, өзіңіз айтқандай халықты цифрлық сауат-тылыққа оқыту жұмыстарының маңызы зор. Өйткені, қазір заманауи технологияның тілін жетік білмей қызмет түрін алу қиындық тудырады. Осы орайда қандай атап өтерлік жұмыстар бар?
- Өздеріңіз білесіздер, ауданымызда 2017 жылғы 15 маусымда ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімі ашылған. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындау, ақпараттандыру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 2018 жылдың 17 мамырында облыс орталығында ұйымдастырылған арнайы курсқа ауданымыздан 20 информатик маман қатысып, арнайы курстан өтті. Курс 4 бағыт бойынша өтті. 1-негізгі ұғымдар, 2-мемлекеттік қызметтерді электронды алу, 3-ашық үкімет порталы, 4-электронды сауда. Осы мамандардың қатысуымен цифрлық сауатылыққа байланысты аудан бойынша бекітілген тапсырмаға сәйкес 700 тұрғын өту керек болса, 16 елді мекенде 731-ден астам тұрғын оку курсынан өтті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан әкімдігіне қарасты барлық мекемелердің қызметкерлері электронды цифрлы қолтаңбамен қамтамасыз етілген (98%). Ауданымызда 21800 электронды цифрлы қолтаңба алынған.
Аудан әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда, ауыл әкімі аппараттарында және қарасты мекемелерде өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылып, тұрақты жұмыс жасауда.
2018 жылдың осы кезеңінде барлық дербес бөлімдер 100 пайызға мемлекеттік органдардың интернет порталына (МОИП-ке) (ИПГО) қосылып, рұқсат етілмеген шетел пошталық сервистерін пайдалануды тоқтатты. Ауыл округтері бойынша 9 ауыл округі МОИП-ке (ИПГО) қосылған. 4 ауыл округінде (Аққұм, Ақтөбе, Балтакөл, Қарғалы) техникалық мүмкіндік жоқ. «ҰАТ» АҚ техникалық мүмкіндіктерін қарастыруда. 11 дербес бөлім электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі (ЭҚАБЖ/ЕСЭДО) және МОИП жүйесіне қосылған. Барлық бөлімдер мен ауыл округтерінің ішкі локалды желісі екіге ажыратылған.
Аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдер мен ауыл округтерінде «Казтокен» электронды цифрлық қолтаңбалары алынып, бүгінгі таңда жұмыс жасауда.
"Дипломмен ауылға" бағдарла-масы аясында ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша мамандардан түсетін өтініштер egov.kz электронды порталы арқылы қабылдануда. Аудан бойынша медицина саласынан 12, білім саласынан 1, спорт саласынан 1, мәдениет саласынан 1 және агроөнеркәсіптік кешен саласынан 2 маман әлеуметтік көмекке ие болған. Тағы да айта кетер жәйт, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайында келген туристерге қолайлы болу үшін 4 дана электронды «киоск» орнатылған. Сенсорлы экран арқылы қорық мұражай экспонаттары мен Отырар оазисі туралы барлық мағлұматтарды білуге болады. Алдағы уақытта да осындай игі істер өз жалғасын таба бермек.
- Әңгімеңізге рахмет, толымды жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан: Ғалымжан Сәрсеков