Жол апатына түсіп, екі аяғынан айрылған алматылық Екатерина Парафиева Германияға қоныс аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келіншек facebook-тағы парақшасында неге Германияға кетуге бел буғанын түсіндірді.
«Менің өмірімді өзгерткен күн... Бұл оқиға менің өзіме деген сенімділігімді арттырды!
2 жыл өтті. Маған екі жыл бұрын біреу осылай істей аласың десе, сенер ме едім?! Сенің болашағың түбегейлі өзгереді десе, басқа елге көшіп кетесің десе сенбес едім. Мен соншама күш-жігерді қайдан алар едім?! Енді жауабын білемін, адамның мүмкіндігі шексіз. Барлық кедергілер басымызда. Адам өзінің неге қабілетті екенін мүлде білмейді», - деді ол.
Е.Парафиева «не үшін көшпексің» деген сауалға аяғымнан нық тұруым үшін деп жауап берген.
Оның айтуынша, қазір қызы екеуі Мангейм қаласында жүр.
Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Соның салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.
Жарты жылға созылған сот процесінде автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевтың 2 жылға бас бостандығы шектелді.
Сонымен қатар, Жаңабаев жәбірленушіге 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.