ҚР БҒМ жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР БҒМ жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр. «Онлайн-оқу» білім алудың жаңа форматына айналады. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады. Олардың 60 пайызы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын қайта қарастыру бойынша жұмысты бастадық», - деді Қуаныш Ерғалиев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар ол 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы 20, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға артатындығын айтты.
«Педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өседі», - деді вице-министр.