
Жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті тауарларды сатып алуы бойынша Ерікті келісімдер жасасу тетігі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда және интеграция министрлігінің қызметі саласына қатысты Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар нақты тапсырма берілді. Оларды іске асыру мақсатында ішкі және сыртқы сауданы дамыту үшін бастамалар әзірленді. Біріншіден, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік аясында биыл 5 жылдық өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауарларды сатып алу міндеттемесі жойылды. Өндірушілерді қолдау ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті тауарларды сатып алуы бойынша Ерікті келісімдер жасасу тетігі енгізілетін болады», - деді министр. Бұл ретте, оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін өздері дербес реттей алады. Тиісті заңды түзетулер Парламент Мәжілісінің қаралуында жатыр.
«Сонымен қатар, қосымша қолдау шаралары пысықталып жатыр. Олар: жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына қатысу үшін тауар өндірушілер мен адал жеткізушілердің тізілімін бекіту және сатып алу процестерінде ұлттық стандарттарды қолдану. Құрметті Асқар Ұзақбайлы, осы мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бизнес өкілдерімен бірлесіп қысқа мерзімде нақты шаралар қабылдау бойынша тапсыма беруіңізді сұраймын», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата.
