Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық әкiмшiлiгiнде тұратын жетпiстi алқымдап қалған тәжiк азаматы Нурали Шоалиев 1949 жылы (сол кездегi Шымкент облысы, Бостандық ауданы, Ұзын ауылында) көпбалалы отбасында дүниеге келген.
Қырық жыл өмiрiн құрылыс саласына арнаған Нурали Зiкiруллаұлы өз үйiнiң ауласындағы 10 сотық жерге жылыжай салып, қияр, қызанақ, көкөнiс егудi қолға алған. Балаларын да осы кәсiпке үйреттi.
– Диқаншылықты алдымен үй ауласындағы жерден бастадым. Алғашқы өнiмдi базарға шығардық. Келе-келе жылыжайдың нанын жеген соң, жер алып оны үлкейту керек деген ой келдi. Содан ауыл әкiмшiлiгiнен биiк қыраттың төменгi жағынан 6,44 гектар жер алдым. Сөйтiп, атакәсiбiмiз – диқаншылыққа бiржолата бет бұрдым. Алдымен алған жерiмдi тегiстеп, жылыжай құрал-жабдықтарын сатып әкелiп, орнатып, қияр, қызанақ, көкөнiс ектiк. Түскен пайдаға келесi жылы тағы жылыжай салдым. Қазiргi таңда 2 гектардан артық жерде жылыжай, 2 гектарға жуық бау-бақшам бар. Келесi жылы бiр гектарға лимон, бiр гектарға жүзiм екпекпiн. Алланың берген үш ұл, екi қызым бар. Қолымда кенже ұлым тұрады. Жылыжайдың барлық жұмыстары соның мойнында. Бiр ұлым Солтүстiк Қазақстан облысында бизнеспен айналысады, яғни бiздiң жылыжайдан жинаған өнiмiмiздi сол жақта өткiзiп отырады. Жылына үш рет өнiм аламыз. Қазiргi таңда қияр, қырыққабат секiлдi түрлi көкөнiстер өсiрiп жатырмыз. Қысқа қарай қызанақ көшеттерiн отырғызамыз. Жылыжай салу, оларды күтiп-баптау, әр көшетке тамшылатып су беру, түбiн қопсыту, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, өнiм жинау, оны өткiзу айтуға оңай болғанмен машақаты қиын шаруа. Десе де, бәрiне көндiгiп кеттiк. Бастаған iстi аяқсыз қалдыруға болмайды. Қысқа қарай ағаш, көмiр дайындаймыз. Ол да қаржыға келiп тiреледi. Диқан болған соң көп нәрсенi бiлуiң керек. Қазiргi таңда ауданда диқандарға ақыл-кеңес беретiн агрономдар жоқтың қасы. Сондай-ақ, жер жағдайын бiлетiн, топырақ құрамын анықтайтын арнайы зертхананың болмауы да жұмысымыздың алға жылжуына кедергiсiн келтiрiп жатқаны жасырын емес. Әйтеуiр бұрын iстеген ауыл қарияларынан сұрастырып, сосын өзiмiз газет-журналдардан оқып бiлгенiмiзбен еңбек етiп келемiз, – дейдi Нурали Шоалиев ақсақал.
2015 жылы диқан Нурали қария Сарыағаш ауданындағы тәжiк мәдени орталығына төраға болып сайланды. Мiне, содан берi ұлттар арасындағы достықты жандандыру мақсатында түрлi iс-шаралар ұйымдастырып, жастар арасында ынтымақ пен ауызбiршiлiк, тату-тәттi өмiр сүру жөнiнде үгiт-насихат жүргiзуден шаршаған емес. Одан бөлек, әр мектеп, әр елдi мекендердегi кездесулерге қатысып, көкейiндегi ойларымен бөлiседi. Аудан, облыстағы жиындарға да уақыт табады.
«Жүзi басқа жүрегi бiр, тiлi басқа тiрегi бiр» тәжiк ұлтының азаматы Нурали Зiкiруллаұлы Шоалиев мiне, осындай жан.
Нартай Серкебаев, «Оңтүстiк Қазақстан»