15 шіл, 2025 сағат 16:35

Жеке деректің тарауы: "Медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін"


Фото: Ашық дереккөзден

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты жаңа мәлімет айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, 2022 жылғы деректер тарап кеткен.

"Әрине, бұл ешкімге, әсіресе Үкіметке абырой әкелмейді. Өкінішке қарай, мұндай фактілер бар", – деді премьер-министр.


Деректердің таралуына байланысты құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатқан көрінеді. Олжас Бектенов деректер медициналық ұйымдар арқылы тарауы мүмкін деген болжам айтты.

"Тексерушілердің қолындағы алдын ала мәліметтерге сәйкес, деректердің тарау көзі медициналық ұйымдар болуы мүмкін. Олар мемлекеттік деректер базасына қол жеткізе алады, бірақ кейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Тиісті жауапкершілік бар. Заңнама және құқықтық тұрғыда әрекет етеміз", – деді Премьер-министр.


Ал алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалуын қашан доғаратынын сұраған тілшіге, Бектенов нақты жауап бере алмайтынын айтты.

"Қоңыраулар ертең тоқтайды демеймін. Алаяқтардың 67 миллион қоңырауын тоқтатқанымызды айттым. Олар хабардаса алмады. Нөмір сөндіріліп жатыр – SIM-карта істемейді, бұл – мәселемен күресудің бір бөлігі", – деді Бектенов.


Сонымен қатар Үкімет басшысы дипфейктермен де жұмыс жүргізіп жатқандарын айтты.  Оның сөзінше Ішкі Істер министрлігінде арнайы бөлім пайда болды және Ұлттық банк жанында антифрод-орталық жұмыс істеп жатыр.