12 нау, 2022 сағат 18:41

Жазушылар балалар әдебиетіне қолдау сұрады



Телефонға телміріп, жаһандық желіде жастығын өткізіп жатқан балаларды қалай кітапқұмар жастарға айналдыра аламыз? Балалар әдебиетінің оқырманы күн өткен сайын азайып барады. Иә, «таяқтың екі ұшы бар» секілді, мұнда оқырманның ғана емес, қаламгердің де кемшілігі болуы мүмкін. Неге десеңіз, бүгінгі күні бала санасына сай келетін балалар шығармаларына сұраныс көп болғанымен, олар жеткіліксіз. Осы мәселені отандық арналардың бірінде талқылаған жиын өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Расында бүгінде балалар әдебиеті кенжелеп қалды. Ғаламтордан жылдам ақпарат алып үйренген бала кітап оқуға онша құлық танытпайды. Оның үстіне арнайы балаға арнап жазылатын қазақша кітаптар да азайған. Балаларға арналған сөрелерден бұрын жазылған шығармаларды ғана кездестіруге болады. Оның өзі сиреп бара жатқанға ұқсайды. Бұл туралы кітапханашылар қашаннан дабыл қағып жүргені белгілі. Жалпы қазақ тіліндегі кітаптың үлесі артты дегенімізбен, балалар әдебиетінің басым бөлігін аудармалар құрайды.

«Иә, расында кітапханамызда аударма кітаптарымыз өте көп. Балалар оқитын кітап жоқ деуге болмайды. Бар, бірақ оның өзі аударма болып тұр. Қазіргі жазушылардың шығып жатқан шығармалары аз, балаларға арналған туынды таптыра бермейді. сәйкесінше сұраныс та азаяды. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты кітаппен тәрбиелегіміз келсе, балалар әдебиетіне жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Біз кітапханашылар балаларға арналған түрлі шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Олардың оқуға, кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін. Қызығушылық болғанымен, сұранысты қанағаттандыра алмасақ, ол да үлкен мәселе», - дейді кітапханашы Жанна Байдарбекова.

Ал жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы баланы кітап әлеміне жетелейтіндей шығармалар азайып кетті дейді. Кезінде жасөспірім балаларға арнап көркем проза жазған жазушы бүгінде әдеби кітап таппайтынын айтады.

«Ақындар жақсы жазып жүр. Ал жазушылардыкі сирек. Неге? Біріншіден, мемлекет тарапынан ынталандыру жоқ. Балалар әдебиетінің бір баспа табағы пәленбай мың, жазушыларды насихаттау керек. Балалар әдебиеті жылы деп, оған бір жыл ғана арнағанымыз жөн емес. Балалар әдебиеті ұрпақ тәрбиесі. Ол өмір бойы өзекті болуы керек. сондықтанда балаларға арнап жазатын ақындардың да, жазушылардың да жағдайын жасауымыз керек. жағдай дегенде, оларға ешкім материалдық жағдай жасап берсін демейді. Тек туындыларын жарыққа шығарып, ел арасында таралуына атсалысқанымыз дұрыс. Сонда ғана балалар әдебиетінің көші ілгері басары сөзсіз», - дейді жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы.

Расында адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы балалар әдебиетінен қалыптасады. Балалар әдебиеті ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі. Тағлым, тәрбиесі. Сондықтан бұл сала ешқашанда қамқорлықтан, назардан тыс қалмауы керек. Ал жазушы Баянғали Әлімжан да дәл осы мәселені көтеріп, дабыл қақты.

«Балалар әдебиетінің деңгейі қандай, бағыты қандай дейтін болсақ... ежелден қазақ баласы мейірбан халық, ізгілікті аңсаған халық, балаларды адамгершілікке тәрбиелеген халық. Сол тамырдан қол үзіп кеткен жоқпыз. Қазіргі ақын-жазушыларымыздың да жазатыны сол, баланы ізгілікке, адамгершілікке, жақсылыққа баулу. Ал кітаптың жету, шығу жағдайына келсек, мұнда мәселе көп. Сөреден бұрынғы жазушылардың кітабының өзін сирек табамыз. Олар тозды ғой. Кітап та қағаз ғой, тозады. Жоғалады, жыртылады. Оны қайтадан шығарып отырмаса. Қайтадан жаңғыртып, балаларға беріп отырмаса ол әрине азаяды. Екіншіден, бүгінгі балалар жазушыларының жағдайына келетін болсақ, «кәне, балаларға арналған шығармаларың бар ма?», «осыны шығара қояйық», «осыны таратайық» деп жатқан баспаларды біз сирек көреміз. Сондықтан көбіне аудармаға кетіп жатырмыз. Тағы бір үлкен мәселе, баспадан балалар кітабы шыққан күннің өзінде оқырманға жетуі өте қиын», - дейді жазушы Баянғали Әлімжан.

Осылайша, жиналған зиялы қауым балалар әдебиетінің негізгі мәселелерін талқылай келе бірнеше ұсыныс айтты. Оның ішінде ең өзектісі: балалар әдебиетінің шығармаларын салықтан босатса дейді. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бұл ұрпақ тәрбиесіне қатысты дүние.