11 сәу, 2022 сағат 13:44

«Жазушы туа бола ма, жүре бола ма?»



Бүгін жас әдебиетшілер жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шахан Шері» атты хикаятын талдады. Аталған талдауға жазушы Алмас Нүсіп, Қанат Тілеухан және Бағашар Тұрсынбайұлы қатысты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Жас жазушылар «Шахан Шері» хикаятын ғана емес, қаламгердің өмірі мен шығармашылығын талдауға тырысты. Модератор Жүсіпбек Қорғасбек Мұхтар Мағауиннің шығармашылығына қатысты ойларын ортаға сала отырып, қонақтарды әңгімеге тартты.


Белгілі жазушы Қанат Тілеуханның айтуынша, Мағауин - Абайды ерте тапқан, онымен бірге өскен адам.

«Бұл кісі жалпы қалыптасуының өзінде ерте Абайды тапқан адам. Абаймен өскен адам. Атасы Мағауия ақсақал Керейдің ішінде дәрігер Бөжей деген болған. Сол уақытта байдың балаларын оқуға жіберген кезде байлар секем алып, қараның, кедейдің балаларын Омбыға оқуға жіберіп отырған. Сол Абай қатты ауырып жатқан кезде сол дәрігер Бөжейді алдырған. Абайдың халін білуге, оған ем-дом жасауға. Сол 15 жастағы Мағауия атқосшы болып ілесіп барған. Абайды ең соңғы көрген адамдардың бірі – осы Мұқаңның атасы. Бұл кісінің жазушы болуы, шығуы да тегін емес. Сонда мен ел ішінде естіген әңгімеден, Мағауия ақсақал өзінің оң тізесіне отырғызып алып, бала Мұхтарға: «Сен кейін қазақтың үлкен мәшһүр жазушысы боласың» деген сөзді анық айтқан. Алаш зиялыларының олардың отбасында болуы, Ахмет пен Міржақыптың, мұның бәрі, Мұқаңның сол кезде, қалыптасқан кезеңінен бастап ұлт жазушысының өзі Әуезовті алдыға қойып, Әуезовті жақсы көруі, Әуезовті өзіне ұстаз есептеуі... Әуезовтің мақтанып айтатыны бар ғой: «Менде Абай тілінің мәдениеті бар, мақтанның ең зоры - осы» деп айтатыны да тегін емес. Және бұл кісі ғалым адам, тарихшы адам. Бұл кісінің шығармашылығы туралы айтқан кезде бұл кісі жан-жақты жазушы. Оның артықшылығы, ерекшелігі десек те болады. Мысалы, бір жазушылар болады, өзінің белгілі бір тақырыбы болады. Сол тақырыптың аясында жазады. «Тазының өлімін» оқып отырсаңыз, психологиялық туынды. Біз ертеректе оқыған «Бір үйдің балалары» деген повесі болды, ол жерде юмор бар. «Қара қыз» мүлде басқа стиль, байқасаңыз. Бұл кісі - жазу жағынан да арсеналы жан-жақты, көп планды жазушы», – дейді Қанат Тілеухан.

Ал қаламгер Алмас Нүсіп Мұхтар Мағауиннің «Мен» деген ғұмырлық мемуарын алға тарта отырып, «жазушы туа бола ма, жүре бола ма?» деген сұрақтың жауабын қарастырды.

«Мұхтар Мағауиннің заманды ерте тануы, бала кезінен бастап, «уызына жарыған» дейді ғой қазақ, өзі тумысы ерекше адам. «Мен» деген ғұмырлық мемуарында айтады ғой, «жазушы туа бола ма, жүре бола ма?» дейді. Сол кезде 50\50 деп баға береді. Толстой айтқан «90% ізденіс» дегенін жоққа шығарады. Тумыста болмаса сенде ештеңе болмайды, бірақ ары қарай міндетті түрде оқу керек. Сол сияқты бұл кісінің тумысы да, табиғат берген керемет дарыны да бар. Және мінезі қандай қатқыл, ұстамды, қайратты адам. Бала кезінен бастап Мағауия сияқты атаның тәрбие беруі, қазіргі уақытта адамға қолдау білдіруі туралы небір тренингтер өткізіп жүрміз ғой, сол сияқты тәрбие мен тумыс ұштасқан өте бір қайратты, дарынды адамның заманын дер кезінде тануы және өзі де ұлтшыл адамдарды өмір бақи үлгі тұтуы, солардың жолын құбыла сияқты ұстап, сол бақытты ұстануы жазушының қай уақытта да қазақтың жоғалып бара жатқан нәрселерін қай уақытта да, қай шығармасына да кіргізіп отыруы, қазақтың құрып бара жатқан қандай да бір қасиеттерін сақтап қалуы өмірлік бағыты қылып ұстаған адам», – дейді Алмас Нүсіп.

Ал модератор Жүсіпбек Қорғасбек «Шахан Шеріге» оралып, оның мән-мағынасын ашуға бағыттайтын сұрақтарды ортаға салды. Ол өзі оқыған шығарманы талқылай келе, тереңге үңілді.

«Шахан Шеріге» келейікші. Мен осы повесті оқып отырған кезде адамды суреттегеннен көрі аңды керемет суреттейтінін, және адамды аң сияқты қылып суреттегісі келгенін байқадым. Шахан Шеріні атын ғана Шері деп қойып отырған жоқ, Шахан Шері деген жолбарыс деген атауды беріп отыр ғой. Оның атын ғана солай қойып отырған жоқ. Отарлаушылардың ұлығының алдына келеді ғой, сол кезде бүкіл үстіндегі киімінің барлығы жолбарыстың терісінен тігілген дейді. Сырт киімі ғана емес, ішіндегі бар киімі, тіпті аяқ киімі де жолбарыстың терісінен тігілген дейді. Сөйтіп бұл Мағауиннің «Шахан Шеріні» жалпы қазақты жоғары қойғысы келгені ме, жоқ әлде сондай бір қазақтың образын жасап, біз осындай деңгейге күреспен, өлмейтін күрес жасамасақ біздің жолымызда басқа мүмкіншілік жоқ дегенді сол кезде айтқысы келіп тұр ма? Біз аңша күресіп өтуіміз керек, аңша күресіп Тәуелсіздікке жетуіміз керек деген идея жатқан жоқ па осы жерде?», – деген сұрақтарды ортаға салды Жүіспбек Қорғасбек.

Бұл сұрақтардың астарына үңілген жас жазушы Бағашар Тұрсынбайұлы жазушының жазу стилімен қатар, оның деректі шығармалар тарихына да терең бойлаған жазушы екенін алға тартты.

«Ұлттың жоғалған нәрселерін және бар нәрсесін сақтау деген нәрсе, «Тазының өлімі» де сондай шығарма, «Шахан Шерісі» де сондай шығарма. Бірақ енді бұл шығарманың негізі бар. Өзі жазатындай, Түркістан округінде шығатын бір басылымның аңшы Шахан туралы дерек оқиғаны осы шығарманың соңында айтады ғой. Ол Сыр бойында болған, Іле бойында болған, ол жалпы бір шахан ба, бірнеше адам ба дейтіндей нақты негізі бар. Ол архивте көп жұмыс істеген адам. Жалпы ондай тәсіл Мағауин ақсақалдың болмысына келмейді. Шын мәнінде, қазақтың рухына, Тәуелсіздігіне, оның және бодан болып қалғанына күйіне отырып, бірақ күресу керек екенін де, сол рухты жоғалтпау керек екенін, мінезді жоғалтпау керек екенін жазады. Бірақ енді қазақ өзі дәл сол Шахандай ашынды ма, ашынбады ма деген де сауалдар жатыр деп ойлаймын»,  – деді Б.Тұрсынбайұлы.

Шахан Шері мен жолбарыстың арасында бір керемет параллизм бар екенін айтқан Алмас Нүсіп бірнеше мысал келтірді.

«Мысалы, Шахан шығарманың басында кәдімгідей өз еліне өкпелеп, ағайындарына өкпелеп, Қапшағайдың арасындағы қамысқа барып, жалғыз өзі тұрады. Содан кейін оның баласын жолбарыс алып кетеді, әйелінің басын жұлады. Сөйтіп екеуін өлтіргеннен кейін Шаханда жолбарысқа деген кек пайда болады да, өмір бақи сол жолбарыс қырумен айналысып кетеді, мен өлген адаммын деп. Соған ұқсас нәрсе, жолбарыстың бәрі адамға шаба бермейді. Жүз жылда бір туатын жалмауыз деп айтады. Жазушының өзі кейіпкерлеріне салады. Бұл жерде ең таңғалатын нәрсе, жолбарыс тақырыбы сұмдық зерттелген. Бір ашылмай қалған нәрсе жоқ. Сол жерде жолбарыс жайдан-жай адамға шаппайды. Ол біріншіден, адамнан бір зәбір көрген. Бір жеріне оқ тиген, бір кемістігі бар, содан жалмауызға айналады. Алып жейтін ең оңай олжа – адам. Екеуінің тағдыры өте ұқсас. Жолбарыстың тағдыры мен адамның тағдыры. Бұл жерде Шаханның ағайындардан алыс кетуі – бұл жалпы қазақтың жерінен айырыла бастаған кезі. Сол кездегі қазақтың елдіктен айырыла бастаған кезі. Сосын ит-құсқа жем болдық деген нәрсе. Сосын жолбарыстың қаншығы мен шөнжігімен бірге ұясында жатқан кезде шегініс арқылы оның да кезінде Талғар тауының арасында керемет өмір сүргенін, сол жерді өмір бақи сағынатынын айтады. Ол да кезінде қосаяқтылардың келуімен енесі қақпанға түсіп, баласы қашып осы Қапшағайдың құмына келеді. Қамыстың арасына. Ол да жерінен айырылды, адам да жерінен айырылды. Осындай екі тағдырды соңына дейін бірге алып отырады», – деді Алмас Нүсіп.