Алматы жайлы ой қозғағанда...
Алматы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болары шындық. Еліміздің ең ірі мегополисі. Өзінде екі миллионға жуық адам тұрса, оның сыртында үш миллионның асты-үстіндегі тұрғын осы қаламен тағдырларын байланыстырған. Осыдан-ақ, Алматыдағы халық нөпірін бағамдай беріңіз.
Ең бастысы Алматы – Тәуелсіздік туы тігіліп, аңсаған арманымызға жеткен, егемендіктің таңы арайлап атқан қазақ халқының қастерлі қаласы. Кезінде оқығаным бар еді, онымен де оқырманмен бөлісе отырғаным жөн шығар. Тарих біздің өткеніміз. Сол өткенге үңілсек, Кеңес үкіметі кезінде, қызыл компартиядан нұсқау түсіпті – КСРО-ның қай жері адам жанына жайлы жұмақ екендігін анықтап біліңіздер деген. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, дөңгеленген жер шарының жартысын алып жатқан алып державадан – жер жұмағын табу. Іле-шала талай зерттеу мекемелері іске кірісіп, қорытындысы да дайын болыпты. Нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысы адамның өмір сүруіне табиғи тұрғыда ең жайлы жер деп танылған екен. Ия, қазекеңнің жер жаннаты – Жетісу дегенінің тегіннен тегін айтылмағанын осыдан-ақ, байқауға болады.
Біз Алматының тыныштығын сенімді қорғайтын боламыз
Алматы мегополисінің тыныштығын қамтамасыз ету бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. Елбасымыз айтады, айтап келеді де «ел бірлігі ең басты байлық, тыныштық басымыздағы бақ», деп. Шыныменде төте орамды айтылған ұлағат. Тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндер санаулы болары, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам толары анық.
Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Алматының тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар.
Алматыда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы орналасқан. Күш-қуат ведомствосының ең ірі құрылымы. Бұл қолбасшылыққа мегополистен өзге Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.
Әңгіме оңтүстік астанамыз жайлы өрбіп отырған соң қайтып оралайық. Алматының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның бірнеше құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың бірегейі – 5571 әскери бөлімі. Бүгінгі біздің оқырманмен бөлісер ақпаратымыз сол әскери бөлімнің 2-ші жедел мақсаттағы батальоны жайлы. Осыдан бірер күн бұрын біз аталған бөлімшеге барып, жауынгерлік қызметтерімен танысқан болатынбыз. Бізді енен-жарқын қарсы алған ұжым бір ауыздан «Біз Алматының тыныштығын сенімді қорғайтын боламыз» дейді бірауыздан.
Аршынды адым
5571 әскери бөлімінің 2-ші жедел мақсаттағы баталоны әскери бөлімнен жеке дара бөлек орналасқан. Ұжым Алматы қаласының Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қалалық жол-патрульдік полиция басқармасының тура іргесінде қоныс тепкен.
Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы он жылдың жүзі бола қоймаса да азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 2-ші батальон және бір дәлел бола алады.
Журналисттік міндеттерімізді атқарып, бөлімшенің тыныс тіршілігімен танысуға келген бізді кіреберіс қақпа алдында батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары капитан Саламат Әмірханов қарсы алды. Сөз саптауынан, мәселенің мән жайына дендеп, жүктелген міндеттерін жілік, жілігіне шағып айтып беруінен-ақ, Саламаттың болашығынан зор үміт күттірген офицер екенін аңғару қиын емес. Емен-жарқын сөйлесіп кеттік. 2009 жылы Әскери институтты тәмамдапты. Содан бері осы әскери бөлімде қызмет баспалдақтарынан өткен, жігерлі, қайратты офицер.
Батальон командирі аға лейтенант Қанат Рахпанов іссапарда шығып кетіпті. Ол Әскери институттың 2009 жылғы түлегі екен. 5571 әскери бөлімінде офицерлік қызмет жолын бастаған. Өткен жылдың қазанынан бастап ұжымға басшылық жасауда.
«Ұрыста - тұрыс жоқ» дегендейін, оның орынбасары капитан С.Әмірханов екеуміз батальонды аралауға кірісіп кеттік. Әуелімен таңдандырғаны батальонның аумағының айнадай тазалығы, қисайып, қыңыр тұрған бір зат жоқ. Ары-бері өткен жауынгерлер тәртіпке сай әскери сәлемдесіп, ыждаһатылықпен қимылдайды. Жаттығу алаңындағы жауынгерлердің ширақ қимылын көріп көңілің толады.
- Ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлердің арқасында ұлан-ғайыр
жерге иеміз. Жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орындамыз. Тарихтан оқып, білгеніміздей халқымыз өздігінен өзгеге тиіспеген. Көршілердің жеріне көз алартпаған. Ал, басқалар басынғысы келіп, бодандық қамытын саламыз десе, бытырап, шашылып жатқан халық әп сәтте жұдырықтай жұмылып, бастары бірігіп, тас түйін болып түйіліп, қандай болмасын жауына тойтарыс бере білген. Сондықтан, еліміздің ана шеті мен мына шетіне ат айлап жүрсе, жүйткіген пойызыңның өзі де 4 тәуліктен астам гүрсілдеп әрең жетеді. Осы жерімізді қорғап, шекарасын қызғыштай қорып, ұлттық қауіпсіздігімізді баса назарда ұстау бүгінгі ұрпақтың еншісінде, - дейді капитан Саламат Әмірханов. Иә, өте тауып айтылған сөз. Іштей азаматқа риза болып қалдым да.
Батальонның бас тәрбиешісі сөзін жалғап:
- Әр әскери қызметшіміз Отаны мен туған еліне қызмет етуді өзіне
абырой санайды. Бүгінде батальонда өзінің үлгілі тәртібімен, асқан шеберлігін көрсетіп, абыроймен жұмыс атқарып жүрген азаматтарымыз баршылық. Айталық, жедел мақсаттағы 4-ші ротаның старшинасы 3-ші сыныпты сержант Айбек Атамқұлов, батальонның биылғы «Үздік жүргізушісі» байқауының жеңімпазы сержант Нұрман Тәукебаев, «Үздік әскери жасақ» байқауының жеңімпазы жедел мақсаттағы 2-ші баталонның бөлініс бастығы старшина Сәкен Исаев, «Үздік бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші» жедел мақсаттағы 6-шы ротаның бөлімше командирі Нағашыбек Байларовтарды ерекше атап өтуге болады. Басқа әскери қызметшілерде олардан үлгі алады деген ойдамын, –деп тоқталып өтті.
Сырт көз - сыншы. Жауынгерлермен тілдесу арнайы келісіміздің бас жоспарындағы бар дүние. Батальонның барлық жауынгерлерімен әңгімелесіп, ой-пікірлерін де білдім. Әр түрлі сауалдар қойдым. «Араларында «дедовщина» бар ма», деп те суртпақтақ сұрақ қоям, ал олар болса бір ауыздан тек жоқ деген сөзді қайталап, «Тамағымыз тоқ, алаңсыз елге қызмет атқарып жатырмыз, майор мырза», дейді. Жас жауынгерлердің көздерінде от, жанарларында ұшқын. Аса бір ыждаһаттылықпен Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқандарын аңғару да қиын емес.
Атыраулық 4-ші рота жауынгері Ермек Амангелді: «Мен өзімді Ұлттық ұлан жауынгері болып елімді қорғауға атсалысқаным үшін мақтанамын. Ол мен үшін үлкен абырой. Отансүйгіштік дегеніміз - өз жеріне, өз халқына деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар өз Отанын анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарап, өмірін қиюға даяр бола алу. Мен Отаныма адал қызмет ете бермекпін, - деп ағына жарылды. Ал 5-ші ротаның жауынгер Қуандық Мағаз әскер қатарына Өскемен қаласынан шақырылыпты. «Өзімнің Ұлттық ұлан қатарында әскери борышымды өтеуге шақырылғанымды тағдырдың маған берген сыйы деп білемін. Өйткені, Отан ананы қорғап, өзімнің бір қажетке жарап жүргенімді сезіну қандай бақыт десеңізші. Адам қиыншылықты көрмесе, жеңілдіктің қадірін біле ме, жүрегінде сарғайған сағынышы болмаса, өзіне не қымбат екенін бағамдамдай алар ма еді. Мен бір ауыз сөзбен жоқ деп айтар едім. Бүгін біз әскери өмірдің аз-кем ауыртпашылық көрсек те, бойымыздағы Отанға деген ыстық ықыласымызды шыңдап, оның қадірін жете ұғынудамыз. Ата-ана, отбасыларымызды сағына отырып, туған ел, туған жердің құдіретін және бағамдағандай болдық десем артық айтқандық болмас», дейді өрелі жауынгер.
Бүгінде батальонның техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген. Жақында ғана биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап алғашқы жауынгерлік міндеттерін атқара бастаған.
Жалпы алғанда, әскери бөлімшенің жеке құрамының күшімен 1027 әкімшілік құқық бұзушы әшкереленіп, 19 қылмыстық оқиға дерегі ашылған.
Капитан С.Әмірхановтың айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қалағадағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады екен. «Мұндағы сарбаздардың 80-90 пайызы ауылдық жерде туып өскен балалар. Көпшілігі Алматыны тек естігені болмаса, жол түсіп көрмегендер. Біз олардың өздеріне жақсы болу үшін, «иа кезінде әскерде болғанымда» анда-мында барған болатынмын деп айтып, ерекше сезіммен айтып отырулары үшін оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, аңдар саябағына апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі болып табылады», дейді батальон бас тәрбиешісі.
Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 2-ші баталонына өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.
Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы қаласы