ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жастардың білім іздеп, шетелге кетпеуі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2017-2018 оқу жылында 139 316 түлек мектеп бітірген. Оның 69 пайызы немесе 96 мыңға жуығы ҰБТ-ға қатысса, қалған 31 пайызы немесе 43 мың бала тестілеуге қатыспады. ҰБТ тапсырғандардың 87 пайызы, яғни 84 217 түлек Қазақстан ЖОО-ларына қабылданды. Республика колледждеріне 26 990 бала түсті», - деді вице-министр «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен жастарды қолдау туралы комиссия отырысында.
Әкімдіктер тарапынан қосымша 1919 грант бөлінген. Бұл да түлектердің өзге елге аттанбай, елде қалуына септігін тигізбек.
«Яғни, өңірдегі әкімдіктер қосымша грант бөлу арқылы түлектердің шетелге кетуінің алдын алуда. Президент тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысын 20 мыңға көбейттік. Әйтсе де, шетелге кеткен студенттердің тізімі бар. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының ЖОО-ларына 8 мың қазақстандық қабылданған, оның 5 197-сі Ресейдің білім грантымен оқып жатыр, қалған 2 808-і ақылы негізде. 598 қазақстандық абитуриент Ресей колледждеріне түскен. Одан бөлек, 3 мыңға жуық қазақстандық алыс-жақын шетелдерге оқуға кеткен», - деді Б. Асылова.
Оның айтуынша, жастарды елде қалдыру үшін мемлекеттік білім грантын көбейту мен студенттердің жайлы өмір сүруіне жағдай жасаудан бөлек, білім сапасын жақсартуға да назар аударған жөн.
«Министрлік те, университеттер де бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандықтар бойынша ЖОО-лар рейтингін жасады. Жыл соңына дейін тағы қосымша мамандықтар бойынша тізім жарияланады. Болашақ абитуриенттер мен студенттер осы рейтингті қарап, ең үздік қазақстандық ЖОО-ларды таңдай алады», - деді Бибігүл Асылова.