05 там, 2017 сағат 14:33

Жас театр. Жас режиссер. Жаңа форматтағы қойылым

Үш айбұрын шымылдығын Б.Әлімжановтың «Ойран» спектаклімен ашқан «Ғасыр» театры жақында көрермендеріне тағы бір жаңа жобасын ұсынбақ.

Бүгінгі қоғамдағы адамдар арасындағы түрлі қарым-қатынасты Сіздермен бірге талқылай отырып, ойланып қайтуды көздейтін тың бағыттағы «Айтарым бар...» қойылымының форматы да ерекше болмақ. Қойылым барысында санамызды мазалаған түрлі сұрақтарға Сіз бен біз бірлесе жауап береміз.

Қойылым жас режиссер Фархат Молдағалидың жетекшілігімен дайындалуда. Жуырда ғана Мәскеу қаласында А.П.Чехов атындағы халықаралық   фестиваль аясында өткен «ТМД елдерінің жас режиссерлері лабораториясында» біліктілігін арттырып келген жас режиссер Солтүстік Қазақстан облысының С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма  театрында қоюшы режиссер болып еңбек етеді.

Арнайы кәсіби білімі болмаса да өздерінің қабілеттерін шыңдап, «Ғасыр» театры болып бастарын қосқан жастардың жаңа форматтағы қойлымды сахналауы – жас режиссердың де, жас театрдың да өнер әлеміне өзіндік бір жаңалығын енгізуге деген талпынысы.