Бүгінгі таңда зиялы қауым жиналып, еңбектерін талдап, талқылайтын жақсы бір үрдіс қалыптасқан. Мақтауын да асырып, сынын да жасырмай, әдебиеттің өсуіне ықпал етуге бар күштерін салады. Сондай талқының бірі отандық арналардың бірінде жас әдебиетшілер сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанованың «Мұнара» атты әдеби-сын кітабын талқылады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Талқылауға автормен бірге жас әдебиеттанушылар Бекзат Смадияр, Досхан Жылқыбай, Гүлмира Сәуленбек қатысты. Модератор болған белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек алдымен әдебиеттегі 60-жылғылардың беделі туралы айтып өтті. Бұл ойға қосылған сыншы Әлия Бөпежанова да өзі оқып, есейген авторларын тізбектей жөнелді.
«Жалпы 60-жылғылар біздің әдебиетімізде, руханиятымызда үлкен рөл атқарған, олардың бүкіл идеялары әлі де актуальды болып тұрған ұрпақ. Тұтас үлкен буын. Алдымен прозадан бастасам, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, олар көп енді. Ал поэзияға келетін болсақ, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әли, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Қайрат Жұмағалиев сияқты үлкен тұтас буын. Біз ес біліп, жан-жағымызға қараған кезде біздің, әсіресе менің оқыған әдебиетім осы алпысыншы жылғылардың әдебиеті болды. Ол кезде барлық газет-журналдар келеді, «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарға алдымен сол кісілердің шығармалары шығады, соларды оқыдық. Ханбибі Есенқарақызының жақсы сөзі бар: «Ер адам әйелдің пірі» деген. Біздің буын, бізден кейінгі бірнеше буын сол алпысыншы жылғыларға қарыздар ғой деп ойлаймын», - деді сыншы Әлия Бөпежанова.
Енді автордың «Мұнара» атты кітабының талқылауына оралсақ, ақын Бекзат Смадияр қазір осы «Мұнара» секілді еңбектердің неге қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі ұрпақ біле бермейтін көп сыр осы құнды басылымда жазылған.
«Әлия әпкеміздің «Мұнара» кітабы, жаңа айтып жатсыздар ғой, алпысыншы жылғылардың шығармашылық портретін жасау, кейіпкерлердің шығармалар галереясына, жан-дүниесіне толықтай үңілу. Дәл қазір осы «Мұнара» секілді еңбектердің неге қажеттігі? Білесіздер, қазір - саяси-әлеуметтік мәселелердің күйіп тұрған уақыты. Барлығы, әсіресе жас әдебиетшілер, бүкіл халық қобалжулы кезеңге тап келді-дағы, әдебиетте де әрине, демократия, сөз бостандығы керемет идеялар. Ал қазір алпысыншы жылғылардың өмірі мен шығармашылығына көптеген сындар айтыла бастады. Олардың өмір сүрген дәуірі Кеңес одағының кезі, ол уақытта мынаны неге жазбады, ананы неге айтпады деген сындардың өзі ертегі сияқты. Сол заманның шежіресін білмеген соң, саяси-әлеуметтік өмірінен толықтай хабардар болмағаннан кейін бе, солар туралы сын көп айтыла бастады. Осындай кезеңде «Мұнара» сияқты еңбектер жас әдебиетшілердің, неге олар ондай шығармалар жазды, сондай шығармалар жазу арқылы қоғамдық шындықтарды астарлап қаншама дүниені айтқаны осы еңбектер арқылы түсінетін шығармыз. «Мұнара» сонысымен де құнды», - деді Бекзат Смадияр.
Ал Гүлмира Сәуленбек сыншының ерекшелігі әдеби шығарманы немесе бір автордың айналасында сөз еткен кезде оның қайраткерлігі, азаматтығы туралы да жан-жақты қопара жазатыныда екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сол уақытта актуальды болмауы мүмкін, алайда біраз уақыт өткеннен кейін бұл бізге керек болып тұр.
«Мысалы, Шерхан Мұртазаның 86-жылы жастарды сақтап қалуға деген талпынысы, Ілияс Есенберлиннің, Сағат Әшімбаевтың да ерліктері осы «Мұнара» кітабында жазылған», - деді Гүлмира Сәуленбек.
«Мұнара» кітабындағы тағы бір қызықты дүние, қазіргі уақытта қазақ әдебиетінде ауыл тақырыбында айналшықтауы. Бұл туралы Досхан Жылқыбай ауыл тақырыбында ауылға деген сағыныш пен көркем шығарманы шатастырып алған сияқтымыз дейді.
«Бірақ ауыл кеңістігі, ауылда өтетін уақыт жайлы жазуға болады ғой. Бұл тартыстың қызығы кеше, тәуелсіздік кезінде басталған жоқ. Кеңес кезінде де ауыл тақырыбында жазатындарға «қара қазаншылар» деген лақап тағылған. «Мұнараның» ең басты ерекшелігінің бірі деп айтсам болады, бұл жерде комплекс зерттелу бар. Мысалы, бір автордың бір шығармасын талдаған кезде, алғашқы бөлімінде жазушылар туралы жазған кезде ол жазушы қандай салада еңбек етті, барлық саласына қатысты ойлар бар. Тағы бір қызық нәрсе, орыстарда, ағылшындарда бір-ақ сөзбен беріп, немесе лабораториясына анықтама беріп жатады. Әлия әпкенің мақалаларында жазушының жазуының қалыптасуының формуласы кездеседі», - деді Досхан Жылқыбай.
Осылайша қазақ әдебиетіне жол тартқан «Мұнара» кітабы жас әдебиетшілер тарапынан қолдау тауып, оқырманы көп болсын деген тілек айтылды.