Сурет: gov.kz
Қорғаныс министрлігі өкілдері жарты миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген "Әскери құрылыс" құрылыс компаниясына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
Министрдің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов "Әскери құрылыс" бойынша мәселе 2021 жылдан бері жүріп жатқанын мойындап, барлық қарыз биыл жыл соңына дейін өтелетінін айтты.
"Бұл мәселе бір жылдан аса уақыт бойы айтылып жатыр. Шынында да, "Әскери құрылыс" компаниясы мәселесі 2021 жылдан бері жалғасып келеді. Қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрлігі мен "Әскери құрылыстың" жаңадан тағайындалған лауазымды тұлғасы берешекті өтеу үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл жыл соңына дейін барлық қарыз өтеледі", - деді ол.
Айта кетейік, "Әскери құрылыс" басшылығы жалған шарт жасау арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген еді. Келтірілген залал сомасы - 596 миллион теңге.
"Әскери құрылыс" АҚ экс-президенті Е.Тәжиденовтің қарамағындағы адамдар, оның ішінде туған інісі мен жиені, сонымен қатар, тағы 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соталды тергеу жүргізіп, Қорғаныс министрлігінің лауазымды адамдары ұйымдасқан қылмыстық топтың ұрлығына қатысы жоқ екенін анықтады.