Қазақстанда төтенше жағдай кезінде 225 адам мәйітханаға жеткізілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстанның қалаларында болған қайғылы оқиғалар кезінде зардап шеккендер мен қаза болғандардың саны туралы ресми мәлімдеме жасады.
ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың айтуынша, елде тәртіпсіздіктер кезінде жалпы 4578 адам зардап шеккен, оның ішінде 4553 адам жарақат алған. Оның 3393-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
"Бүгінгі таңда 4578 жәбірленуші анықталды, 4353-і жараланды, оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкері. ТЖ кезінде қаза тапқан 225 адам мәйітханаларға жеткізілді. Олардың бір бөлігі терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлерінен шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкері бар", - деді ол ОКҚ брифингінде.
Ведомство өкілдері бұл алдын ала деректер екенін атап өтті. Олар әлі де нақтыланады және өзгеруі мүмкін.
"Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, оның ішінде 446-сы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және прокуратурамен ұстауға негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды.
БП әр факті бойынша тиісті құқықтық баға беру арқылы мұқият зерттелетінін мәлімдеді.
Бүгінгі таңда жедел тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44 - терроризм актілері бойынша, 34 - жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15 адам өлтіру және басқалары", - деді ол.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинованың мәліметінше, 2,6 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген.
"265 адам ауруханаларда. Оның 67-сі ауыр халде. Қайтыс болған 225 науқастың 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болды", - деді ДСМ өкілі.
Сонымен қатар, оқиғалар хронологиясы және құқық бұзушылықтарды тергеу туралы деректер жарияланып, халыққа құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша ақпарат ұсынылды.
ҚР БП қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың ақпараты бойынша, 1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің жанында адамдар жинала бастады. Адамдар сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазып алып, сол күні сағат 18:00-де тарап кетті.
2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны жүздеген адамға дейін артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолдарды жауып тастады. Бұл ретте құқық қорғау органдары күштер мен құралдарды қолданбаған.
3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Осы күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары, БҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және ШҚО) "бейбіт" митингілер басталды.
4 қаңтарда митингілер жалғасып, өңірлер саны 11-ге жетті, адамдар рұқсатсыз жаппай жинала бастады.
Қатысушылар саны 37 мың адамға (Алматы қ., Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары) дейін күрт артты. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен бүліктер басталды.
Айта кетейік, сол күннен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерге және әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін өлімге әкелмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады.
5 қаңтарда тәртіпсіздіктер елдің 11 өңірінде жалғасты. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын және "Алматы" халықаралық әуежайын басып алды.
Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп жіберді, Талдықорғанда облыс әкімдігі, полиция және ҰҚКД ғимараттарын басып алды.
Сондай-ақ, БП өкілі террористердің іс-қимылын үйлестіруді және байланыс құралдарын пайдалануын болдырмау мақсатында Интернетке кіру шектелгенін атап өтті.
6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады.
7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары бірнеше өңірде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында) жалғасты.
8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтана бастады, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылды.
Сондай-ақ, Серік Шалабаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша БП "Алматы трагедиясының" және басқа өңірлердегі террористік шабуылдардың барлық себептері мен егжей-тегжейін анықтап жатқанын атап өтті. Құқық қорғау органдары террористік шабуылдарға қатысушыларды анықтау және жазалау, елдегі қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар, Бас прокуратура аталған барлық оқиғалар – бір тізбектің бөліктері екендігіне, бұл ретте террористердің іс-қимылдары бірыңғай орталықтан үйлестірілгеніне сенім білдірді.