04 ақп, 2022 сағат 21:55

Жаппай тәртіпсіздік кезінде келген шығын 88 млрд теңгеден асты - ІІМ


Жаппай тәртіпсіздік кезінде келген шығын 88 млрд теңгеден асты. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігі қайғылы қаңтар оқиғасын тергеуге белсенді қатысып жатыр. Бүгінде жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен нысандар саны 1 573-ке жетті. 

«Аталған статистика зардап шеккен азаматтардың өтінішіне байланысты біршама артты. Ол тергеушілердің тексеруі және зақымдалған нысандарды тіркеу арқылы расталды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, ең көп зардап шеккен - бизнес нысандары. 

«Олардың саны 1 502-ге жетті. Басым бөлігі дүкендер, ломбардтар, жанармай құю станциялары мен қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ толықтай тоналған аңшылық дүкендер құрайды. Зақымдалған немесе жойылған автокөліктер саны да артып, 765 бірлікке жетті. Оның ішінде 551 қызметтік полиция көлігі және 124 қарапайым азаматтарға тиесілі көлік құралдары. Жалпы мәлім болған шығын 88 млрд теңгеден асты», - деп атап өтті Санжар Әділов.