30 сәу, 2020 сағат 10:12

Жапонияда төтенше жағдай тағы бір айға ұзартылуы мүмкін

Жапония үкіметі жаңа коронавирустың таралуын тоқтату үшін жалпыұлттық төтенше жағдайды шамамен тағы бір айға ұзарту туралы мәселені қарастыруда, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.

Бейсенбі күні үкіметтік дереккөздер хабарлағандай, 7 сәуірде елдің премьер-министрі Синдзо Абэ Токиода, Осака мен басқа да бес префектурада 6 мамырға дейін төтенше жағдай енгізілетіндігі туралы жариялаған. Өйткені осы аудандарда ауру жұқтырғандар саны күрт өскен. 

Сәуір айының соңында басталатын Golden Week (Алтын апта) мерекесі қарсаңында 16 сәуірде елдің барлық 47 аймағында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Осы уақытта көптеген жапон азаматтары үйлеріне қайтатын я болмаса саяхатқа аттанатын. Алтын апта – Шығыс Азия елдерінде демалыс күндерімен біріктірілген бірнеше мерекелік күннің атауы. 

Төтенше жағдай кезінде жергілікті билік тұрғындардан қажетсіз серуеннен бас тартуды сұрады, ал кейбір компанияларға жұмысын тоқтатуды ұсынды. 

Үкімет төтенше жағдай елдің барлық аймағында өз күшінде қалуы керек деп санайды. Өйткені төтенше жағдайдың біртіндеп алынып тасталуы белгілі бір аудандарда адамдар топ болып жиналуына әкеліп, инфекцияның таралу қаупін арттырады. 

Префектуралардың губернаторлары 6 мамырда аяқталатын демалыс маусымынан кейін төтенше жағдайды ұзартуға шақырды. 

Бүгінде Жапонияда вирус жұқтырудың 14 800-ге жуық жағдайы расталған, оның ішінде 700-і – ақпан айында Токиода карантинге жіберілген Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушысы. Вирустан қайтыс болғандар саны 450 адамға жетті.