
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскембаев жануарларға зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілікті күшейту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын мақұлдау процесінде ҚР ІІМ қылмыстық жауапкершілікті күшейту бойынша ұсыныстар әзірледі. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 316-бабы тым жұмсақ. Сондықтан оны қатаңдату қажет. Одан бөлек, біз ҚР Қылмыстық кодексінің 313-бабын (Қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) қатайту бойынша ұсыныстар енгіздік. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейту, яғни ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша ауыл шаруашылығында мал жаю ережелерін, ит пен мысықты асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, жою ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылды», - деді Өскембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 313-бабы бойынша айыппұл түріндегі санкцияны 2000 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылған. Қоғамдық жұмыстар 600 сағаттан 1000-ға дейін, шектеу немесе бас бостандығынан айыру – 2 жылдан 5 жылға дейін артуы мүмкін. Қылмыстық жауапкершілік жасын 16 жастан 14 жасқа төмендету ұсынылады.
«Қылмыстың өзі қылмыстық теріс қылық санатынан орташа ауырлықтағы қылмысқа ауыстырылады. ҚР ӘҚБК-нің 408-бабы бойынша ескерту түріндегі жазаны алып тастауды және 408-баптың 2-бөлігінде айыппұлды 10-нан 20 АЕК-ке дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл ұсыныстарды ҚР ІІМ Бас прокуратураға енгізді және мақұлданды. Болашақта жұмыс топтарының отырыстарында қаралғанда бұл нормалар өз орнын табады деп ойлаймын», - деді Өскембаев.
