Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 3 қарашада өтетін кезекті айқасына тас-түйін дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мықтыны ұтсаң ғана мықты боласың. Мықтыны жеңгенде ғана чемпиондық белбеуге жақындайсың. Маған рингте әлсіздердің керегі жоқ. 3 қараша күні 13 жекпе-жегінің 12-ін ұтқан, тек 1 ғана жекпе-жегінде төрешілердің шешімімен ұтылған Ван Александрмен жұдырықтасамын. Қазақ бокс стилін 3 қарашада әлем жанкүйерлеріне көрсетеміз», - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы өзінің Инстаграм парақшасында.
Айта кеткен жөн, 29 қыркүйекте Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) кәсіпқой бокс рингіндегі өзінің үшінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған болатын. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Окленд қаласында колумбиялық Карлос Гальванмен (16-7-1, 15 КО) кездесуде отандасымыз төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен еді.