01 жел, 2018 сағат 14:41

Жаңғыртудан кейiнгi қайта түлеу

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Жнт мұнай өңдеу зауытында 2014-2018 жылдар аралығын қамтыған және екі кезеңнен тұратын жаңғырту мен қайта құру жобасын толығымен аяқтады. Сонымен бірге, Елбасы тапсырмасымен қабылданған 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын сәтті жүзеге асырды. Мұнымен қоса, Үкімет қаулысымен бекітілген индустрияландыру картасы және мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған кешенді жоспарды мүлтіксіз орындады.

Елбасы Н.Назарбаев осы жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласына іссапармен келген кезінде әуелі Шымкент мұнай өңдеу зауытында болып, жұмысымен танысқан еді. Президент жаңғырту және қайта құру жобасының жоспарға сай және өз уақытында аяқталуымен құттықтап, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келетін өнім шығара бастағанын көріп, өзінің оң бағасын берген болатын.

Зауыттың техникалық директоры Болат Баетовтың айтуынша, жаңғыртуды жүргізудегі мақсат – кәсіпорынның рентабельділігін өсіріп, мұнай өңдеуді тереңдетіп, халықаралық экологиялық талап бойынша Евро-4, Евро-5-ке немесе оның баламасы К-4, К-5-ке көшу. Компания алдына қойған бұл мақсатына толық жетті. Жаңғырту жобасы қыркүйекте тәмамдалып, бүгінде европалық стандартқа сай келетін өнім шығаруда.

Жаңғыртудың нәтижесінде мұнай өңдеу тереңдігі 73 пайыздан 85 пайызға дейін жеткізіліп, ашық түсті мұнай өнімдерінің жалпы мөлшері 56 пайыздан 83 пайызға ұлғайды. Модернизацияға дейін зауытта өндірілген бензин мен дизель отыны Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одақ стандартына сәйкес келетін. Енді жаңғырту аяқталған соң кәсіпорын өнімі халықаралық Евро-4, Евро-5 немесе К-4, К-5 стандартына өтті. Сонымен бірге, мұнай өңдеудің жылдық көлемі де 5 млн. 250 мың тоннадан 6 млн. тоннаға өсті.

Жаңғыртудың арқасында еліміз жанар-жағармай тапшылығынан біржолата құтылды. Әсіресе, көктемде және күзде егін егу мен жиын-терім науқанында бензин мен дизель отынына сұраныс ішкі нарықта көбейетін. Яғни, осындай мезгілдерде елімізде жанар-жағармай жетіспеушілігі қатты сезілетін. Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыты жаңғырту мен қайта құру жобасын іске асырғаннан кейін отандық нарықта бензин мен дизель отынына тапшылық мүлдем жойылды. Тіпті, бүгінде елімізде жанар-жағармай көлемі ішкі қажеттіліктен де артық мөлшерде.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қазіргі таңда мұнай шикізатын Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнынан алып жатыр. Болашақта Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында өндірілген мұнайды өңдеуге дайын. Жаңғыртудан бұрын зауытта мұнай кеңестік ЛК-6У қондырғысында өңделетін. Оның көмегімен бензин, авиакеросин, дизель отыны, мазут, газ, өндірілетін. Әрі қарай олар басқа қондырғыларға өңдеуге жіберілетін. Мәселен, газдан бутан, пропан алынса, бензин өндірісі АИ-80-92-95 маркалы болып бөлінетін.

Жаңғырту жобасының І кезеңінде жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы орнатылса, биыл өндірістік қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын мұнайдан күкірт айыратын осындай екінші қондырғы іске қосылды. Бұдан бөлек модернизация аясында зауыт көмірсутекті газдарды құрамында күкірті бар қоспалардан тазартатын Мерокс және бензин, дизель отыны мен керосинді гидрологиялық әдіспен тазалайтын арнайы қондырғылармен жабдықталды. Бүгінгі таңда өндіріс орны өңдеп жатқан Құмкөлдік мұнай шикізатында күкірт мөлшері өте аз, бар-жоғы 0,1 пайыз ғана. Өз кезегінде мұнайдан алынған күкірт агроөнеркәсіп, химия, атом өнеркәсіптері және тұрмыстық шаруашылықта кеңінен қолданылады.

Модернизация шеңберінде зауытта күрделі каталитикалық крекинг қондырғыларының кешені салынды. Оны өндіріс орнының жүрегі десек болады. Себебі, жоғары сапалы мұнай өнімдері заманауи технологияға негізделген осы кешенде шығарылады. Жалпы, каталитикалық крекинг қондырғысын өзінде орнатқан мұнай өңдеуші зауыттар әлемде санаулы-ақ болса, соның бірі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС. Ал, каткрекинг жұмысы операторлық залда арнайы пульттердің көмегімен ортақ компьютерлік жүйе бойынша басқарылады. Бір қарағанда операторлық залдың сырт пішіні НАСА агенттігінің ғарыштық ұшырылымдарды бақылайтын алып ғимаратын көзге елестетеді. Мұндай озық технология, ғажайып көрініс зауыт жұмысымен танысқан Елбасының өзін ерекше сезімге бөледі. Қуанарлығы, басқару пультінде отырған мамандардың көпшілігі – жастар. Сонымен, бұл кешен каталитикалық крекинг, бензинді гидротазалау және көмірсутегі газдарын құрамында күкірті бар қоспалардан тазарту секілді 3 қондырғыдан құралады. Өз кезегінде аталған кешеннің жұмысын үйлестіру үшін тағы бір келесі объекті – зауыт шаруашылығының нысандары тұрғызылды. Бұл объектілер каталитикалық крекинг қондырғылары кешенін оттегі, бу, азот тағы сол сияқты қосымша керектілермен қамтамасыз ету үшін қажет.

Жаңа қондырғылар орнатып, ескісін қайта құрумен бензин өндірісі 22 пайыздан 38 пайызға, сұйытылған газ 3 пайыздан 6 пайызға, дизель отыны 1,5 есеге ұлғайса, мазут 20-22 пайыздан 8-10 пайызға азайды. Мұнай өнімдерін дәл құю қондырғысы – жаңғырту жобасы аясында қолға алынған тағы бір тың технология. Оның басты артықшылығы, вагон цистерналарын толтыру барысында сыртқа бір тамшы да жанармай төгілмейді, құйылу процесінде пайда болған бу да цистерна мен оған киілген құралдың арасында иненің саңылауындай да тесік болмағандықтан ауаға тарап кете алмайды.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауыты мұнай шикізатын терең өңдеу бойынша алдына қойылған міндеттерді толығымен жүзеге асырды. Ендігі ретте өндіріс орны мұнай химиясы саласына қарай бағыт бұруға сақадай сай.

"Оңтүстік Қазақстан"