22 қаң, 2019 сағат 10:49

Жанасыл Серікбол. "Ақсүйектің өлімі" (әңгіме)

Тау етегіндегі қаладан оқшауырақ, топырағынан да әр қашқан ескі обаның қасынан оянды. Әуелі ауыр сығырайтып оң көзін ашты. Тоң басқандай зіл тартады. Меңіреу ақсұр әлемнен өзге ештеңе жанарына шалына қоймады. Сол көзін ашу үшін, тіпті, бойындағы біраз күшті жұмсауға тура келді. Былшық басқан кірпігі буылып, тіпті, киіздей тұтасып алған. Соңғы уақытта осы обаның қасынан оянуды жиілетіп жүр... Қаланың тар көшлеренінің бірінен сумаңдай шығып, осында әкелетін татыр сүрлеудің шөбін таптамағалы да бірер жыл болып қалған еді... Соңғы күндері бұл тұсауын лақтырып, осында тартып кететінді тағы тапты.

«Қап!!!»

Тастай саңырау тартқан санасына алғаш осы сөз сыналай енді.

«Қап!!!»

Басы мен аяғы екі кісі бойындай, айналасын ақ ши торлап, жермен жексен болуға айналған обаның етегін құша құлаған екен. Аңырып аз отырды. Білеуленіп ісінген бет-ауыз сипалап, селдір өскенімен  қушия біткен жағын қапталдай қаулаған сақалын да күдір алақанымен бір сипап өтті. Таңсәрі, әрі мизамшуақтың балыбыраған шағы өтіп, қара суықтың мимырт ұлыған зілмауыр кезі болғандықтан болар, топырақтың сызы өн бойын тоңазытқан.

Басын көтеріп, тың-тыңдады. Ұйқысынан оянған шағын шәрдің шуылы әлсіз естіледі. Екі ұмтылып орынан тұрды да, аяғын ауыр басып сондағы тұрағына бет алды.

Тау етегін бөктерлей қонған қаланы қақ жарып, өрлей жатқан көшенің де аяғына ілінді. Енді тек ешкімнің де көзіне шалынбай өзінің мынау шәрдің мейрібан тұрғындары алдындағы парызын өтеп жүрген міндетті мекеніне жету керек.

Тот басқан қаңылтырдан ілекерлене салған қақапаны қақырата ашып, қойманың ішіне де түней береді. Бұнда қаланың бүкіл азығы сақталатын. Күнұзақ көктемнен, ала жаздай дамыл таппай күтіп қараған көкеніс пен астық осы даладай қоймаға бүркеулі. Ал, бұл қазынаның бір түйірін де адасқан құсқа шоқытпай сақтау бұның абыройлы міндеті. Қала басшысы басы артық, пайдасы кем біраз міскінді жинап алып, әрқайсысына жанашырлықпен міндет жүктеп жатқан уағында өзі қалап осыны сұрап еді... Одан бері де он жылға жуық өтті. Осы қаланың тұрғындары алдындағы парызына еш кір келтірген емес. Тек, осыдан бірнеше жыл бұрын қылт шығарып, қала басшысынына сөгіс алғаны бар. Содан бері бұны барша тұрғындар «шырақшы міскін» атап кетті.

Күн тау қыратынан қазық бойы көтеріліп, құрысқан қалаға ентелей төнуде. Көшелерде сабылған жүрістер молая бастапты. Бұрыш-бұрышты сығалап, әр көзден бой тасалап бұл келеді. Ең тар, елеусіз деген көшелерді сағалай отырып, мекеніне де жақындады. Бойының сірескені, аяғының сылтығаны жазылып, оның орына алаң билеп алыпты. Жиілей бастаған демі таң шығының салқын буымен ауада шарпысады. Жедел басып, мекеніне де жеткен. Кешігіпті...

Тот басқан қаңылтыр қақпаны айқара ашып тастаған екі-үш адам қойма ішінен әлденелерді сыртқа шығаруда. Қимылдары еркін, дауыстары да жарқын. Соған қарағанда ресми өкілдер. Жалма-жан қалтасын сипалап еді, кілттің сылдыры естілді. Қойманың кілті. Өзінің рұқсатынсыз емін еркін тайраңдап жүргендерге ызасы келгендей болды. Ентігін басып сәл тұрды да, алысырақта жүкшілерге нұсқау беріп тұрған бурыл шашты жасамысқа қарай жақындады. Ол шаң басып, кірлеңкіреген қара Прадаға арқасын сүйеп, әлдедені терең ойланып тұрғандай көрінді. Таныды. Қала басшысының үкімін бұның қолына ұстатып, қоймадан талай рет астық әкеткені бар.

Оған жақындаған сайын бүгін тағы да күнәға батқаны есіне түсіп, жаңағы ызаның басы қайтадан бұғып қалды. Буыны да босап, аяғының жүрісі де маңдымай барады.

Ол бұған мағынасыз көз салып, темекісін әрмен қарай тарта берді. Ұзақ, баяу шегеді екен. Саусақатарына сығымдалып қалған темекі бел ортасына дейін енді ғана шегіліпті. Күздің салқын ауасынан болу керек, екі аяғын арагідік бір-біріне соғып қойып, бүрісіңкіреп тұр.  

Екі-үшеуі қоймадан соңғы қаптарды тиеді де, үсті-бастырының шаңын қағып, жүруге ыңғайланды. Тез қайтуға бұл да пейіл екен, шала шегілген темекісін таста салып, табанмен бір басты да көлікке отырды. Бұл аңтарылып, әрі бұл қылығына еш баға алмай қалып бара жатқанына таңданып қалды. Біржағы бұны жақсылыққа да жорыды. Мотор гүрілі естіліп Прада орынан қозғалуға айналған, кенет оның көзі бұған түсіп, енді көргендей шақырая қарады.

- Әй, шырақшы, кел мұнда!

-  Сен енді бұл қайманы күзетпейсің, - деді ілби басып жанына барған еді. Сенуге болмайды екен. Бүкіл қаланың күні осыған қарап отыр. Ыңырана кейіп, терең тыныстады да, сөзін сыздықтата жалғады. – Қарашы мына адамдарға, уайымсыз, жайбарақат бақытты таңдарын қарсы алуда. Күнәңнің қаншалықты ауыр екені сезінесің бе?

- ......

- Иә, сезінбейсің. Сондықтан, саған аманат тапсыра алмаймыз. Есікті тарс жапты да асығыс орнынан қозғалды.

Қою, түбіт шаңды шұбалта безген көлікті көзімен қуалап аз тұрды. Уақытты да байлап, тоқтатып тастаған санасы сосын аздап серпілгендей болды. Бойының жылынғанын сезді. Екі қолын бар екені есіне түсіп, әр-бері қозғады да бет аузын сипалады. Ауыр тартқан аяғын қиралаңдай басып, қойма қақпасына жақындады. Басқа құлып салыныпты.

Күздің қорғасын бұлттарының ысырып тастаған күн бой жазып, жадырап қалған екен. Жүзін тосып, есінеген міскін арқасын қабырғаға тоса сылқ етіп отыра кетті. Адамдар арлы-берлі саулай бастапты, көзіне шағылған күн сәулесі сұлбаларын ғана анық көрсетеді.

Бірнеше күннен соң қала тұрғындарының бірі белгісіз обаның басынан міскіннің мүрдесін тауып алды.

                    ***

...300 жыл бұрын

Жемсауына ыстық қан аралас балғын еттің дәмі келіп, қайта-қайта тамасантқанына бүгін міне, қырқыншы күн. Көзінің қызылы күн санап шоқтанып, сеңгір таулар мен аласұр даланы, құз-жартастар мен шапымшыма, асуларды тынымсыз кезіп жүргеніне де бүгін қырқыншы күн. Тек, бүгінгі түн ғана әлденеден хабар беріп, табиғат біткен тыныс алмай бүрісіп жатты. Таңертең қурай түстеніп, кібіртіктеген күн шапағын көзі шалған. Құрдымы зор құлқыны бүлк етті. Қырық күн бойы аңсатқан олжаның бүгін сәті түсетінін шыңырау түйсігі бірден сезді. Таң алдындағы үкінің сілкінгенін күтпей-ақ, алып жартастан ауыр қозғалып сонар таудың теріскей жағына бет алды.

Көнектей жемсауы алдамапты. Күн арқан бойы көтеріліп, сонар таудың иығына асылған кезде қара-құрдым майдан даласына да жетті. Тау күн батысқа қарай жайыла түсіп, оқтын-оқтын қырқалы кең адырға айналатын. Одан әрмен жасыл мауыты мен сұр шекпенді алма-кезек ауыстырып киетін кең алап. Екі жақтың қолы дәл осында түйісіп, алапат аспанның астын қанға бөктіріп тастапты. Бүлкілдей аққан күрең қан қою шаңмен араласып, майдан даласын қошқыл түстендіріп жіберген. Жақындау тым қауіпті болғандықтан, биіктеу ұшып барлады да, қызуы әлі басыла қоймаған қан аралас етке тұмсығын батырып тояттанар сәтті  асыға күтіп, майдан даласын айнала ұшты.

Бұл кезде екі жақтың ауыр қолы бір-біріне сұғына еніп, қиян-кескі ұрысқа көшкен. Ышқынған аудыстар үдеп, кектенген шеріктер қылыш-найзаларын жау алқымына екілене сермеуде. Қаһарланған қолбасылар бел орта айналасынсын жапыра сұлатып, ұран сап жүр.

...Сәске түс болса да екі жақ  табан тіресіп тұрып алды. Әлдене уақытта хан аламан тобымен майдан даласынан сытыла, оқшаудағы әлі қан жамлылып үлгере қоймаған омырау төбенің басына шауып шықты. Дулығаны серпе көтерді де, майдан даласын жедел шолып өтті. Киіздей тұтасқан қалың шерігінің арасы сыналанып, бытырай бастаған екен. Жау әскері қан даланы өзіне икемдеп, түнерген бұлттың көлеңкесіндей еппен сырғи, қос бүйірге баяу қапталдап келе жатқанын байқады да қолбасшыларды дереу қасына алдырды.

Құлаштары жазылып, сүйектері енді қыза бастаған қолбасшылардың жүзінен ханның бұл қылығын жақтырмаған түр байқалады. Үстілерінен қоңырсық қан мен күлімсі тердің исі араласа бұрқырайды. Тізгіндерін езулете тартып, хан жүзіне ауыр қабақ артап, ентелеп тұр. Хан майдан даласына тағы баяу көз салып еді, қырғи көзі шатынап, қабағы түйіліп кетті...

***

Қалың әскер шатқалдың аузына жетті де шұбап өте бастады. Тек, жүз қаралы аламан топ дара бөлініп, тізгін тартты. Хан да атының басын тартып, ажалды қарсы алуға қалған сарбаздардың қасына келді.

- Ерліктеріңді мына таудың жақпар тасына мәңгілік қашатып, мың ұрпақтың жадынан өшпестей етем. Қоштасу сөзім осы.

Ханның жүзіне бейқам қараған сарбаздардың бірі мырс етті. Артынша қалғандары да жасыра күліп, шатқалды жаңғырықтырып әкетті.

- Қара таста атымыз қалсын демейміз, қара жерге адал қанымыз тамса дейміз, хан ием - деді сарбаздардың бірі.

Қалың қол шатқалдан өтіп те үлгерді. Хан да үнсіз ғана басын бас иді де, жасағымен бірге алқына шауып шатқалға еніп кетті. Қуған жауды шеті де көп күттірген жоқ. Ат шаптырым жердегі адырды ордалы жыланның көшіндей тіліп келеді. Алыс-алыс тау сілемдері мұнартып жатыр. Аспан шайдай ашық. Жартастар үнсіз мүгиді. Тек, бір топ құзғынның қанатын лепіре қаққандағы самалы үп етті.  

Жанасыл Серікбол