09 ақп, 2021 сағат 08:10

Жаңартылатын энергия көздерін дамытуда жүйелі жұмыс жүргізу керек – Мамин

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Энергетика министрлігі атқарып жатқан барлық іс-шараларды қолдаймыз.

Бұл туралы Үкімет отырысында Прмьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Елдің экологиялық жағдайын жақсарту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген басым міндеттердің бірі. Экология мен қоршаған ортаны жақсарту құралдарының бірі жаңартылатын энергия көздері болып саналады. Өткен жылы жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру бойынша елеулі жұмыс атқарылды. Былтыр қуаты 583 МВт болатын 25 нысан іске қосылды», - деді Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, бүгінде жаңартылатын энергия көздері өндіретін энергия 3 пайыз немесе 3,24 млрд кВт сағатты құрайды, 2019 жылмен салыстырғанда 74 пайызға өсті.

«Әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері әлемдегі электр энергиясының ірі өндірушісіне айналады. Айталық, Еуропалық Одақта 2020 жылы жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндіру дәстүрлі өндіруге қарағанда 1 пайыз артық болған. Қазақстанда «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданып, іске асырылып жатыр, ол бойынша 2050 жылы электр энергиясының жартысын балама энергетика өндіретін болады», - деді Мамин. 

Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың мұндай қарқыны - төмен көміртекті және климаттық орнықты даму жөніндегі Париж келісімі бойынша міндеттемелерді сақтауымызға және Қазақстанның «жасыл» энергетикалық даму аясында болуына мүмкіндік береді.

«Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Энергетика министрлігі атқарып жатқан барлық іс-шараларды қолдаймыз. Біздің міндетіміз – осы саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу», - деді Премьер-Министр.