31 қаң, 2022 сағат 17:58

Жаңаөзенде мұғалімдер наразылық акциясына шықты

© AFP 2021 / TOBIAS SCHWARZ

Жаңаөзен қаласындағы №2 және №6 мектептің қызметкерлері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орындарын жекенің қолына беруді тоқтатуды талап етіп, үндеу жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мектебіміз жекенің қолына өтсе, жалақыны өзгертіп, қызметкерлерді қысқартуды бастайды. Ата-аналарға да қиындық тудырады: бәрі ақылы болады. Біз Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жұмыс істейміз, сыныптарымызды өзіміз жаңарттық, жаңа жабдықтарды өзіміз сатып алдық. Біз мектептің жеке қолға өтуіне үзілді-кесілді қарсымыз", - дейді ұстаздар.

Осындай видеоүндеуді 30 қаңтарда №2 мектептің мұғалімдері де жазды.

Маңғыстау облысының білім басқармасы ұстаздардың алаңдауына негіз жоқ екенін мәлімдеді. Мектептер жекешелендірілмейді, сенімгерлік басқаруға беріледі.

"Мектептер мемлекет меншігінде қалады", - деп хабарлады ведомство.

Мемлекеттік-жеке серіктестік механизмі арқылы сенімгерлік басқаруға беру кезінде жеке серіктеске қойылатын негізгі талаптар:

- мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы білім сапасын көтеру;

- күрделі және жеңіл жөндеуді қажет ететін ғимараттарды қысқа мерзімде жөндеу;

- білім саласындағы заманауи технологияларды пайдалана отырып, қазіргі талаптарға сәйкес келетін сапалы білім беру үдерісін ұйымдастыру.