06 қыр, 2023 сағат 19:17

Жаңа министрліктерді құруға бюджеттен қанша қаржы жұмсалады?

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жаңа министрліктерге қанша ақша жұмсалатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жамаубаевтың сөзінше, қаржы көлемін анықтау үшін уақыт қажет.

"Бүгін Үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Көрейік. Әлі бөлінбегендіктен, жаңа министрліктердің жұмысын көрген жоқпыз. Уақыт керек", - деп жауап берді шенеунік Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев министрліктер арасында қолданыстағы бюджет бөлінетінін, қосымша шығын болмайтынын растады.

"Менің ойымша, егер бюджет мөлшері шамалы өсетін болса, бәрі экономиканың өсуімен жабылады. Бұл министрліктер не үшін құрылды? Өз салаларын алға жылжытуы үшін. Бізде көптеген сала өсіп жатыр, олардың қарқынын арттыру керек. Олар тапсырмаға сәйкес орта мерзімді перспективада жылына 6-7 пайызға өсуі керек. Сонымен қатар кейінгі жылдары мемлекеттік органдардың шығындары өскен жоқ", - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, шенеунік министрліктер бұрынғы ғимараттарында қалатынын айтты.

"Менің ойымша, олар бұрынғы ғимараттарда қалады. Әрине, кейбір министрлерге жаңа кабинет қажет, бірақ мұны олар өздері шешеді", - деп жауап берді Жамаубаев.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Қазақстанда жаңа министрліктер пайда болды. Енді Үкіметте бес жаңа министрлік бар, бірақ бірігу мен қайта құру есебінен тек екеуі ғана қосылды.