25 там, 2023 сағат 16:58

Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосыла ма – Ұлттық банк жауабы

Фото: elements.envato.com

Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов жаңа ипотекалық бағдарламалар туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

"Қазақстандықтар әлі де жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы болады деп үміттенеді. Оған үміт арта аламыз ба? Бұл мәселе Ұлттық банк күн тәртібінде бар ма?" – деп сұрады журналистер брифинг барысында Пірматовтан.

"Ұлттық банктің күн тәртібінде ипотеканы қаржыландыру бойынша қандай да бір қосымша жеңілдетілген бағдарлама жоқ. Біз Ұлттық банктің экономиканы қаржыландыруға қандай да бір қолдау көрсетуге қатыспағаны дұрыс деп санаймыз. Жеңілдетілген қаржыландырудың барлығы біздің негізгі мақсатқа – инфляцияны төмендету және оны төмен деңгейде ұстап тұруға қайшы келеді", - деді ол.

Пірматовтың пікірінше, мемлекет тарапынан қазақстандықтарға баспана сатып алуға көмек көрсетілуі керек. Бірақ ол атаулы және Ұлттық банктің есебінен емес, республикалық бюджет есебінен болуға тиіс.

"Ұлттық банктің экономиканы қолдау бойынша барлық бағдарламадан шығуын жалғастыру дұрыс болады деп санаймын. Олар жетеу болатын, бесеуінен шықтық. Енді Қарапайым заттар экономикасы және "7-20-25" қалды. Біз олардан да тезірек шығуды жоспарлап отырмыз", - деді Ұлттық банк басшысы.