13 там, 2018 сағат 09:14

Жамбыл облысында «Өлкетану» оқулығы жарық көрді

Екі мың жылдан аса тарихы бар Жамбыл өңірінің тарихы да, тарихи-мәдени құндылықтары өте бай. Қазақ хандығының дәуірінен бері жасап келе жатқан тарихи өлкенің құндылықтары жас ұрпаққа, жаңа буынға насихатталуы тиіс. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында осындай құндылықтарды жас буынға таныстырып, олардың ұлт алдындағы парыздарын нақтылап беретін қыруар жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың ең ірілерінің бірі – әр өлкенің өз тарихын, мәдениетін, құндылықтарын таныстыратын «Өлкетану» оқу құралының жарық көруі.

5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығының әрбір аймаққа жеке-жеке жасалғанын алдыңғы мақалаларда айтып келеміз. Алматы облысы, Ақмола облысы өздерінің жаңа оқулықтарын арнайы таныстырып, тұсаукесер рәсімін өткізді. Ал бүгінгі жазбамызда қасиетті Жамбыл облысының ерекшеліктерін, қасиетті жерлерін, көне тарихтағы тұнба мұраларын қамтыған «Өлкетану. Жамбыл облысы» кітабы туралы, оның салтанатты тұсаукесер рәсімі туралы айтпақпыз.

«Өлкетану. Жамбыл облысы» атты оқу құралының таныстыру рәсімі Жамбыл облыстық білім басқармасының  мәжіліс залында аталмыш басқарманың ұйымдастыруымен өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көрген кітаптың тұсаукесер салтанатына оқулықты құрастырған авторлар, ғалымдар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар мен тәжірибелі мұғалімдер қатысты.

«Өлкетану» оқулығының бағдарламасы 2017 жылдың 10-тамызында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Өлкетану» оқулығын әзірлеу барысында ұсыныстар жасаған еді. Оқу құралын жазу барысында сол ұсыныстарға мән берілді. «Өлкетану» оқулығының жобасы жасалғаннан кейін облыс әкімдігінің жанынан құрылған редакциялық кеңесте, ҚР Білім және ғылым министрлігінің пәндік және эксперттік комиссияларында, авторлық жұмысшылар тобының отырыстарында сарапталып, талқыға түсті. Оқулықтың электронды нұсқасы үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап облыстық білім басқармасының сайтына орналастырылып, алдын-ала елдің, ұстаздардың пікірлері тыңдалды», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова.

Кезек бойынша сөз алған облыстық білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Бигелді Тәжібаев шараға қатысушыларды, ұстаздарды, өңірдің құрметті педагогтарын «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының жалпы мазмұнымен таныстырды. Оқу құралы өзге өңірлердің оқулығы секілді тарих, әдебиет, география, музыка секілді пәндерді қамтиды. Оқулықтың құрылымы «Қымбатты балалар!», «Кіріспе» және «Қорытынды» сияқты бөлімдерден тұрады. Ол өз сөзінде аталған оқулықтың аймақ жастарын өз жерлерін сүюге, оның барлық мұрасын, құндылықтарын қастерлеп ұстауға, көз қарашығындай қоруға тәрбиелеп, тарихи-мәдени, географиялық, филологиялық, эстетикалық білімдерін дамытуға көмектесетінін айтты.

Салтанатты тұсаукесер рәсіміне келген Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Зиба Құламанова, сонымен қатар, редакциялық кеңестің өзге де мүшелері өз ойларымен бөлісті. «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген кітаптың ішінде қандай мағлұматтар, деректер қамтылғаны туралы сөз өрбіп, аталған мәліметтердің маңыздылығы туралы әңгіме қозғалды.

 «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығында Тараз топырағындағы тарихи оқиғалар мен ескерткіштер, тұлғалар туралы мәліметтер, жер-су атауларының тарихы қамтылған. Сондай-ақ, аталмыш оқу құралында өңірде туып-өскен Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов, Өмірбек Байгелді секілді жазушылар, ғалым және мемлекет қайраткерлері және Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев секілді ән әлемінің алыптары туралы өмірбаяндық материалдар жазылған.

Алдағы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына енгізілген «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығы 5-сынып оқушыларына 5 сағат, 6-сынып оқушыларына 7 сағат және 7-сынып оқушыларына 8 сағат көлемінде оқытылмақ.