09 ақп, 2021 сағат 09:30

Жамбыл облысында алдағы жылы жаңартылатын энергия арқылы 415,1 МВт өндіріледі

Бүгін Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде жаңартылатын энергия саласындағы жобалар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі кезде облыста жаңартылатын энергия көздерімен 16 нысан айналысады. Оның бесеуі су электр станциясы, алтауы жел электр станциясы және бесеуі күн электр станциясына тиесілі. Өткен жылы барлығы 318,4 МВт энергия көзін қамтыды. Қазіргі уақытта бұл республикалық көрсеткіштің шамамен 20 пайызын құрап отыр», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, жалпы 2020 жылы облыста 2,5 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілсе, оның 24 пайызы жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілген. 2019 жылмен салыстырғанда, 2020 жаңартылатын энергия көздері 47 пайызға өсті. 

«Қазіргі кезде өңірде 4 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың мүмкіндігі қосымша 96,7 МВт энергия қуатын береді. Соның екеуі жел және қалған екеуі су электр станциясы. Биыл осылардың жартысы іске қосылса, қалғаны алдағы жылы пайдалануға беріледі», - деді Б. Сапарбаев. 

Нәтижесінде, 2022 жылы өңірде жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясы 415,1 МВт-қа жеткізілетін болады. 

«Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қосымша тағы 4 станцияны іске қосуды жоспарға енгіздік. Сонда қосымша 218 МВт энергияны өндіретін боламыз. Тартылатын инвестиция 96 млрд теңгенің құрайды. Қосымша 845 жұмыс орны ашылады», - деді өңір әкімі.