Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген Қазақстанның киелі жерлер географиясын анықтау бойынша арнайы құрылған этномәдени экспедициялық топ жақында Қостанай, Ақтөбе облысына барып келді. Экспедициялық топтың басты мақсаты – қасиетті орындарға арнайы барып, өңірдің тұрғындарымен кездесіп, қасиетті саналатын белгілі бір нысанның қазіргі жағдайын көзбен көріп, оның тарихын, аңыз-әңгімелерін тыңдап, дерек жинау.
Қазақстанның киелі аймақтары «Жалпыұлттық деңгейдегі нысандар» және «Жергілікті нысандар» болып екі топқа жіктелген болатын. ҚР Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығы жетекшісінің орынбасары Батырхан Жұмабаев қасиетті нысандардың тізімі қандай талаптардың төңірегінде дайындалып жатқаны туралы айтып берді.
- «Жалпыұлттық деңгейдегі жүз нысанның» тізімі қашан бекітілмек?
- Бұл тізімді қараша айының орта тұсында бекіту жоспарланып отыр. Экспедициялық топтың жұмысы аяқталып үлгерсе, «Жергілікті нысандардың» тізімін де көп кешікпей бекітпекпіз. Қазіргі кезде дау тудыратын, ақпараттық мәліметтер аздық ететін нысандар туралы толығырақ дерек жинау жұмыстары жүргізілуде.
- Еліміздің қасиетті орындары қалай анықталып жатыр?
- «Қасиетті Қазақстан» деген атауға қасиетті, киелі және қастерлі деген үш ұғымды енгізген болатынбыз. Үшеуінің мағынасы әртүрлі. Діни-ғұрыптық нысандарды киелі деп танып, тарихта таңбасы қалған ірі оқиғалардың өткен орындарды қастерлі деп түсініп, осыған қазіргі кезде халық көп баратын, маңызы терең нысандарды қосып, «қасиетті» деп белгілегенбіз. Іссапар барысында біз осы үш ұғымға сәйкес түрлі нысандармен таныстық. Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы жалпы 12 нысанға бардық. Алғашқы барған нысанымыз – Қостанай облысындағы Ы. Алтынсарин ауданында орналасқан Омар құдығы. Бұл Ыбырайдың атасы Балқожа бидің жайлауы екен. Осы жерде Ы. Алтынсарин дүниеге келіпті. Қазіргі кезде құдықтың орны ғана қалған. Құдыққа белгі қойылып, арнайы мемориалдық тақта орнатылған. Қостанай қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Жол бойында Ы. Алтынсариннің туған жері деп көрсетілген белгілер қойылыпты. Жергілікті тұрғындар бұл мекенді қасиетті орын ретінде түсініп, тарихымен танысып, көріп, суретке түсіп тұрады екен.
Қостанай облысы Денисов ауданы Первомайка ауылдық округіне бардық. Бұл аймақ Қаладан 300 шақырым қашықтықта орналасыпты. Ол жерде Аят деген өзен бар. Ерте кезеңде бұл жерде «Қамысты Аят» деген қала болған деген болжамдар бар. Бірақ ғылыми дәлел жоқ. Қазба жұмыстары мен зерттеулер жүргізілмеген. Алайда ерте дәуірге тән ыдыстардың сынығы, ерте қола дәуіріне тән сүйектен жасалған садақ ұштары, пышақ түрлері жер бетінен-ақ табылып, мектептегі мұражайға қойылыпты. Біз ол өңірді республикалық деңгейдегі нысандар қатарына енгіздік. Алдағы уақытта толық зерттеуді қажет етеді. Тұрғындардың айтуынша, көне қаланың орнында ерекше қуат көзі бар көрінеді. Олар ерекше қуат адамға дем беріп, қуаттандырып, серпілтеді деп түсінеді. Жаз мезгілінде жер-жерден арнайы келіп, шипа іздеп, күні бойы сол мекеннен қуат алып, кешке қайтатындардың қатары көп дейді. Біз барған нысандардың барлығына дерлік көпшілік ұлтқа, нәсілге, елге бөлінбей арнайы барып, зиярат етіп, дұға етіп, түнеп, қасиетті жерлердің қадірін түсініп, киесін өзінше насихаттайды екен. Біздің негізгі мақсатымыз да осы үрдісті көзбен көру болатын.
- Қасиетті нысандарды анықтау жұмыстарын жергілікті халық қалай қабылдауда?
- Тұрғындар қасиетті нысандарды анықтап, қайта жаңғырту мақсатында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстарға қолдау көрсетуде. Аймақтың өлкетанушылары мен ғалымдары белсенділік танытып жатыр. Құшақ жайып қарсы алып, өздері киелі санайтын қасиетті орындар мен тарихи жерлер туралы тәптіштеп айтып, аңыз-әңгімелерін жинақтап, өз ұсыныстарын білдіруде. Тарихта қате жазылған кейбір деректердің ақиқатын анық білетін тұрғындар тарихи қателіктер түзетілсе деген назын да жеткізді.
Мысалы, Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Краснодон ауылдық округіне қарасты Күнтимес ауылына бардық. Бұл ауыл ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың туған жері екен. Өңірдің Күнтимес деп аталуының себебі орманды алқап таға секілді жағалай орналасыпты да, бір жағы ашық екен. Қалың қарағай, қайыңнан күн сәулесі түспейді. 1834 жылы Шоқанның әкесі Шыңғыс Арақарағай аймағына сұлтан болып сайланған. Тұрғындардың айтуынша, сұлтан осы өңірді тұрғылықты мекен етіп, ағаштан үйлер, мешіт, медреселер салғызыпты. Қазіргі кезде елдімекеннің тек орны ғана қалған. Осыдан біраз жыл бұрын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіліп, мешіттің кірпіші табылыпты. Ол Қостанай облыстық өлкетану мұражайында тұр екен. Тарихта Ш. Уәлихановтың туған жері Құсмұрын деп айтылады. Алайда Шыңғыс сұлтан Құсмұрынға 1844 жылы көшкен. Ол кезде Шоқан 9 жаста болған. Күнтимес пен Құсмұрынның арасы 150 шақырымдай. Шоқанның анасы Зейнеп Күнтиместен көшіп бара жатқанда, мекенін қимай айтқан өлеңі бар екен. «Күнтиместей жер қайда, Керейдей ел қайда» деп келетін өлең жолдарында «тұңғышым Шоқанды дүниеге әкелген жерім» деп айтылады екен. Бұл деректі біраз тарихшы ғалымдар да дәлелдепті. Алайда көп тарихи деректерде әлі күнге дейін ғалымның туған жері туралы дерек түзетілмеген. Жергілікті халық осы ақиқатты негізге ала отырып, киелі мекеннің ұлы перзенті туралы дерек дұрысталса деген тілек білдірді.
- Қасиетті нысандарды анықтау барысында ел аузында айтылып, жадында сақталған аңыз-әңгімелер негізге алынады делінген еді. Ондай құнды ақпараттар болды ма?
- Болды. Ақкөл аймағының маңында Кенесары ханның қарындасы Бопай ханша Қасымқызы жерленіпті. Арнайы тас орнатылыпты. Сол өңірдің тұсында «Кілем жайған» деген жер бар екен. Бұл мекенге байланысты ел аузында кең тараған мынадай қызық аңыз-әңгіме бар екен. Атақты Жанқожа батырдың қарындасы Кенесары ханға жар болыпты. Хан әйелдерінің арасындағы алауыздық нәтижесінде Кенесары хан батырдың қызын басқа мекенге көшіріп жіберіпті. Ханның бұл ісіне ашуланған Жанқожа батыр қол жинап, айқасуға келеді. Хан да қайтпай, Наурызбай батыр бастап, қарсы күреске барады. Жанқожа батырмен бетпе-бет келген Наурызбай батыр көп ұзамай кері бұрылыпты. «Ешқашан жаудан қайтпаған едің, не болды?», - деген Кенесары ханға Наурызбай батыр: «Жанқожа батырдың екі иығында екі арыстан отыр екен, содан сескендім», - деген екен. Осыдан кейін хан сарбаздарына кілем жайыңдар деп бұйырып, 500 метрге дейін, кейбір мәліметтерде 3 шақырым көлемде кілем жайылыпты. Сол кілемнің үстінде Кенесары хан атынан түсіп, Жанқожа батырға иығын тосып аттан түсіріп, құрмет көрсетіпті. Екі жақ ортақ мәмілеге келген соң, жер атауы «Кілем жайған» деп аталып кетіпті. Бұл оқиға өзге тарихи деректерде басқаша айтылады, ал бұл нұсқаны біз жергілікті тұрғындардан естідік.
- Арнайы зерттеуді және қайта жөндеуді қажет ететін нысандар үшін қаржы бөліне ме?
- Жылдың соңына қарай «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енгізілген нысандар туралы ақпарат беретін паспорт дайындаймыз. Сол жерге қайта жөндеуді қажет ететін нысандардың біраз суретін, ол туралы толық мәлімет енгіземіз. Одан кейін жөндеу жұмыстары қажет деп ұсыныс жасаймыз. Мүмкін республикалық немесе жергілікті басқарушы мекемелердің бюджетінен қаржы бөлінер, ол жағы қазірше белгісіз. Бірақ өңдеуді талап ететін нысан міндетті түрде қайта жөндеуден өтеді. Біз оны сол бетінде қалдырмаймыз. Себебі қасиетті жерлердің барлығы дерлік түптеп келгенде Қазақстанның туризм саласын дамытуға үлкен үлес қоспақ. Және мұндай нысандардың қайта жаңғыруы келешек ұрпақтың өз жерін танып, қасиетін қадірлеп, батыр бабаларымыз мен парасатты даналарымызды біліп, салт-дәстүрімізді түсініп, діни теріс ағымдардың ықпалынан аулақ жүруіне септігін тигізетіні анық. Сондықтан асыл мұралар қалпына келітіріліп қана қоймай, тарихымызды арқалап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілуі тиіс.
- Әңгімегізге рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Айша Ноғайбекқызы