Ақын, актёр, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықпен сұхбаттасудың сәті түсті.
Ол ой еркіндігін сөзбен бейнеледі, қазақтың қайсар мінезін сан қилы образбен көрсетті. Қос өнердің тізгінін қатар ұстаған жанның ішкі әлеміне үңілгіңіз келсе, бізді оқыңыз...
***
Қуаныш Амандық - 1972 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының әуесқой театр режиссері мамандығы бойынша бітірген.
Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясындағы Махамбеттің, А. Камюдің «Калигула» трагедиясында Калигуланың, И. Шприцтің «Кентавр мен қыз» қойылымында Кентаврдың, Т. Әбдіковтың «Біз үшеу едік» драмасында Мұраттың, Р. Отарбаевтың «Хан Жәңгір» қойылымында Махамбеттің, Ш. Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» драмасында Бауыржанның, Г. Григориннің «Атың өшсін Герострат!» трагикомедиясында Геростраттың, Н. Птушкинаның «Тастама мені» мұңды комедиясында Вадимнің, Т. Джюдженоглудың «Көшкін» мистикасында Еркектің,
А. Володиннің «Қос жебе» драмасында Қалқанқұлақтың, Таупық Әл-Хәкімнің «Сұлтанның сасқаны-ай» комедиясында Сұлтанның бейнесін сахнаға шығарды.
2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХV Республикалық Қазақстан театрлары фестивалінде «Калигула» трагедиясындағы бас рольдегі ойынымен «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды.
2011 жылы "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медалімен марапатталған.
2013 жылы театрдың 20 жылдығына орай облыс әкімінің степендиясының иегері атанған.
2015 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері республикалық байқауының және бірқатар мүшәйралардың жеңімпазы. Театр қайраткерлері Одағының мүшесі.
Таңертең
- Фёдор Достоевскийдің шығармашылығы өзін күнәһар сезінген сәттен бастау алыпты. Сіздің шығармашылығыңыздың бастауында не тұр?!
- Ашу. Кәдімгі оң-солын білмейтін он жастағы баланың бұлағай ашуы...
Мені өкпелеткен көрші "апатай" еді. Оның жүріс-тұрысы, киім киісі, тіл қатқаны, сыңғыр күлкісі – ғажап, әдемі болатын. Ол мені "жігітім" дейтін. Әзілдейтін... Мен сол қалжыңға құлай сенетінмін. Бір күні сол "ғашығым", "апатайым" тұрмыс құрып, біржолата кетті... Сол күннен бастап не істерімді білмей қалдым. Сағынған, аңсаған, іздеген өндір балақайдың сөз-сөйлемдері, тақпақ тектес өлең-шимайлары, бейкүнә көңіл әуендері аппақ параққа таңбалана берді, таңбалана берді...
Көрші апатай
Өткен күндер шақырады күлкімді,
Сәби сезім ерекше едің біртүрлі.
Сіздің үйдің мысығы да монтиған
Маған сондай көрінетін сүйкімді.
Қимас сәттер ұялатар көзге мұң,
Балдәуреннің қоштасарын сезгенмін.
Сіздің үйдің қоразы да әдемі –
Айғайлаушы ед әтешінен өзгенің.
Сәби сезім – ұғымы аппақ сөзі шын,
Қой келуі мейрам еді мен үшін.
Тауып әкеп тастайтынмын адасқан
Сіздің үйдің бұйра-бұйра қозысын.
Көктем еді...
Қызыл арай Кеште, Сіз!
Бір жігітпен би кешіне кеткенсіз,
Ашуланып сұңғақ бойлы жігітке
Сізді аңсағам риясыз, өкпесіз.
Он бірдегі тентек едім ол кезде,
Ал, сіз, жиырма бестесіз...
- Орал - ескі қала. Оған ақынсың ба, басқасың ба - бәрібір. Бұл маңайдағы адамдар да, жолдар да, ойлар да жалғыздықтан құтылуыңа көмектеспейді. Түбі біздің түбімізге жететін сол жалғыздық емес пе?!
- Ақынсың ба, Абызсың ба, Актёрсың ба, бәрібір... Өмірдің нұрлы да шуақты таңдары таусылып, бейітіңе тас белгі қойылғанда, жападан жалғыз жататының айдан анық. Ал, сол шаққа шейін Дос, адал Дос табу – бізге берілген үлкен сыйлық. Жалғыздық – Алланың адамға сыйлаған ғажайыбы...
- Шалкиіз Тіленшіұлы әр жердегі достарының тар жерде таптырмайтынына күйінген. Қай досыңызды жиі ойлайсыз?
- Бір заманның ауасын бірге жұтып, ғұмыр көшінде, өмір жолында араласып жүрген достар, жолдастар жетерлік. Құдай көп көрмегей! Жиі ойлайтын, тынышсыздана уайымдайтын үш досым бар. Бірі – ауылда, бірі - осы Оралда, бірі - басқа облыста. Үшеуміз де жүрек тұсымыздан мұңдай нәзік, күндей жарық, болаттай берік Сәуле-Жіппен жалғанғанбыз...
Сен маған сенемісің,
Ескі досым?!
Ескі досым сыр мінез, есті досым.
Күртеңді беремісің,
Арқама жамылайын.
Ол, бірақ, ескі болсын!
Жаңаны не қылайын,
Өткенді сағынайын...
- "Ең ұлы ақын - жас ақын". Ал, ең ұлы актёр қандай актёр? Оған тәлейіне бұйырған рольді жоғары деңгейде сомдап шығу үшін нендей қасиет керек?! Театр сахнаны сүйген дарынды қыз-жігіттердің қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр ма?
- Ролін шынайы сүйе білген актёр – ең ұлы актёр. Жаңа қойылымдардың барлығы дерлік жастарға арналған. Өнер иесі күндіз-түні ізденуі, еңбек етуі керек. Бар мақсаты – даму, өрлеу болуы шарт. Қуандық Қасымов, Мұрат Ахманов, Талғат Теменов, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды кәсіби режиссерлермен тәжірибе алмасып тұрамыз. Бізде тренингтер, сахна тілі, сахна сайысы және би сабақтары өтеді. Тренингтер актёрларды өзін еркін ұстауға тәрбиелейді, ипровизациялық қабілетін шыңдауға септігін тигізеді.
- Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының дамуына үлес қосты ма? Жаңа әкімнен не күтесіз?
- Әлдекімге өкпелеуден аулақпын. Әлдекімді кінәлау да табиғатыма жат нәрсе. Әрине, өңір басшыларының театрға көп көмегі тиді. Болашақта талай жұмысты бірге атқарамыз деген ойдамын. Айта кетейін, 2012-2016 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысын басқарған Нұрлан Ноғаев ағамыз спектакльдерді тамашалауға жиі келетін. Қойылымдардың дайындығын да көріп кетуші еді...
Сәске
- "Кез келгеннің қолынан келе бермейтін жақсылықты адам баласына жасау үшін қаншалықты үлкен, жомарт жүрек керек болса, адамзатқа асқан қорлық, құлақ естімеген қиянат жасау үшін де соншалықты қатыгез, қанқұйлы жүрек керек", - дейді Бексұлтан Нұржекеев. Ал, кез келген жан жасай алмайтын өнер туындысын өмірге әкелу үшін қандай жүрек керек?
- Меніңше, өнер атаулы адамзат үшін ілкіден-ақ қалыптасып қойған. Жасалу тәсілі мен пішінін түрлендіру арқылы көрер күнінің санын көбейтетіндейміз. Мәселе жүректің қандай екенінде емес сияқты. Ұлт болмысын, адам жанының формасын әуезбен, сөзбен немесе мүсіндеу арқылы шынайы жеткізу – маңызды. Чарльз Буковскидің шығармаларындағы кейіпкерлердің ерсі қылықтары жанға жағады. Өнер - Ізгіліктің ғана жаршысы емес. Өнер жасау жүректің бәріне ортақ болса керек.
Кез келген жан жасай алмайтын өнер туындысын өмірге әкеле алатын жүрек - бізге бейтаныс "кеңістіктің" түкпірінде жасырынып жатыр-ау. Үлкен Өнер жасау үшін Құдайдың берген таланты аздық етеді. Еңбектенбей, жеңіс жоқ. Тазалық пен адалдық қажет!
- Қайығымыз бірде қамысқа қақтығысып, бірде толқынмен алысып, өмір өзенінде жүзіп келеді. Ерік-жігеріміз - ескегіміз. Ал, қашан жағаға шығатынымыз, я, қашан тұңғиыққа бататынымыз белгісіз. Есімізде мәңгі қалатыны - ғұмырдағы бақытты һәм бақытсыз сәттеріміз. Өткенге үңілген уақытыңызда мен мұндалап тұратын қай күн, қай шақ?!
- Бұл сұраққа өлең жауап берейін:
Ұшында көздің Гүл-Жота!
Жанарым, жаным тола мұң,
Кеудемде кенет бір нота
Сағынды Совет Одағын!
Өткенді аңсау айып па?
Өткендер - ата-бабалар...
Мөп-мөлдір еді Жайық та,
Әйбаттау еді қалалар.
Сенімін елдің бүтіндей
Қырандар көкті шолатын
Ананың аппақ сүтіндей
Білім де тегін болатын.
Көзіндей мөлдір сәбидің
Көлдері таза тұп-тұнық.
Түтіні шалқыр әр үйдің,
Таңдарын Құдай құтты ғып.
Ыңылдап баған сымдары,
Сағыныш жырын жолдайтын.
Жиырмадан асқан ұлдары,
Сапсиған сақал қоймайтын.
Сусыған жылдар қызық, ә!
"Ленин ата – біз ұлан!"
Балалық шағым бейкүнә,
Әшейін, әнтек, қызығам.
Қайтпағай елдің меселі,
Алмасты қоғам қас-қағым.
Көгімде тұрған кешегі,
СССР, сенің аспаның.
СССР, сенің жалғаның,
Зар-жаның жатыр аршылып.
Ал, менің аппақ арманым
Көрсетпек кімге қарсылық?
Құдайдың бұл да қалауы,
Кеудесін оққа төсесе Ер.
Заманның жаққан алауы,
Ыстықсың, бәрібір, СССР!
Бастауым, Тума, Жақсылық,
Өзіңде кетті келмеске.
Құшақтап алсам қапсырып,
СССР, қайтып кездеспе!
"Тоба!.." деп күбір еткеннің
Ұстазы болғай ұстамдық.
Кеудеме вакцина еккенмін,
Тәуелсіз Қазақстандық!
- Діни кітаптарға сүйенсек, адам баласы жаңа аспанға жеткенде, өтіп кеткен аспанын есіне де алмайтынға ұқсайды және ол үшін өкінбейді екен. Сізді қандай аспан күтіп тұр?
- Адам қалауынан болатын кейбір әрекеттерге, түрлі қылықтарға дін атаулының бәрі шектеу қояды. Әр тұстан ұшырасатын "еркіндік сүйгіш" орталардың көбі дінді осы үшін де жақтырмайды. Шектеусіз, тиымсыз өмір адамды зеріктіріп алатын, ессіздікке апаратын тұманды жолға ұқсайды. Бірақ, адам ындынын тиымсыз ғұмыр кешу ғана қандыратын секілді.
"Шерлі жүрек, желді өкпе,
Желпінбей шықпас құмардан" демеуші ме еді?! Шындығы, бұл тұста мен де адасқақпын, шолақпын... Қандай аспан күтетінін білмеймін, бірақ, мен барар аспан мені білетін шығар?!
Кейбір ақындардың жырларындағы құпия уақыт өте келе ашылады. Себебі, оның астарында философиялық не діни ұғымдар жатуы мүмкін. Сауалың маған ақын Әмірхан Балқыбектің
"Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,
Сәлем айтып кейін қалған достарға,
Бұл қаладан кетем түбі көкке мен,
Кетемін мен сегізінші Аспанға.
Деймін іштей,
Дейді ішімде бір дауыс," – деген өлеңін еске түсірді. "Сегізінші Аспан" ұғымының бойына діни түсініктер жасырынған. Пайымдауымша, Әмірхан Балқыбек өзінің қай аспанға кететінін білген.
Мені қай аспанның күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян ғой, бауырым!
- Гелиотроп - тас атауы. Керемет күшке ие. Қолында гелиотробы бар адам өзі болғысы келген жерлерде көзге көрінбей жүре беретін көрінеді. Егер сол тас сізде болса, ең бірінші қайда барар едіңіз?
- Басқа бір планетаға... бірін-бірі қимайтын, бірін-бірі күндемейтін жандардың ортасына... өтірігін алға тартпайтын, ақиқатын бүркемейтін қауымға баратын болармын. Жеті қат жер мен тоғыз қат көкті жалғап тұрған көпір - кемпірқосаққа жетуге талпынатын шығармын, кім білсін?!
- Көп адамның түсі фантастикалық сюжеттерден құралады. Сіздің түсіңіздің кейіпкері кім?
- Түсіңдегі оқиғаларды қағаз бетіне түсірсең, қандай ғажап дүние өмірге келер еді, иә?! Әнеу күні түсіме Махамбет баба енді. Жақсылыққа жорыдым...
Іңір
- Біздің ең қымбат қазынамыз не?
- Адам баласына қажетті ең қымбат қазына - Мейірім. Адамзатқа, аң-құсқа, тәкаппар тауға немесе қара топыраққа, жан-тәніңмен мейіріміңді төгіп қарасаң, дүние жаңарып, айналаңдағының бәрі әдемілене түседі. Шынжырда арсылдап тұрған қабаған итке, шын ниетіңмен мейірлене қарап, жымиып, "қойсаңшы енді" десең, ол үруін тоқтатады.
- "Келеді бір дүниені төңкергің,
Бірақ, стол төңкерумен тынасың" дейді Қадыр. Дүниені төңкеру үшін не істеу керек? Морко Поло айтқан пілді көтеріп әкететін құсқа айналу керек пе, әлде, құдіретті күшке айналу керек пе?!
- Меніңше, құсқа айналудың да, құдіретті күшке айналудың да қажеті шамалы. Өз сферама жаңалық әкелем демеймін. Адамды Тәңірмен жақындастыратын қарапайымдылық пен сабырлылық қой. Осы екеуінің кемесін күйретпей өмір сүрудің өзі – жетістік...
Дүние "бізді қоршаған әлем, айнала, кеңістік" дегенге сенбеймін.
Дүние - әрбір адамның санасындағы қоршаған орта құбылыстарын қабылдаудан туған түсінік. Афоризм теру үшін кітап парақтағым келмейді, алайда, жұртшылық көп айтатын "Әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт" деген сөзбен толықтай келісемін. Әлем - сенің ғана әлемің, сенің айналаңды қабылдауың - әлем. Жоғарыда келтірілген сөзбен сарындас жолдарға "империалистік сана" деп күйе жағудың түк те қажеті жоқ.
"Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламды
Патша болып құлданған.
Жиырма тоғыз жасында
Мүкаррам дүние тұл қалған.
Құдай деп сүйген құлдардан,
Ардақтап сүйген ұлдардан
Бай менен батыр, мырзадан,
Ойласаң, бар ма тұрған жан?!"
Бұл Аралбай ақынның өлеңі. Мейлі, пайғамбар болмаған деп күпірлікке барып көрейік, бәрібір жазылған жолдар хақ сөз ғой. Әрдайым ізденуіміз, күн сайын бір нәрсені танып-білуіміз - біздің дүниені өзгерткеніміз. Өзіңді өзің жазғырмай ғұмыр кешу, қандай жақсы!
Бақ құдіретіне сенсем де, адам құдіретіне сенбеймін!
- Қасиетті Құран кәрімде Алланың қасындағы бір күн, біз санайтын мың жылмен тең екені айтылған... Он сегіз мың ғаламды жаратқан Тәңірмен жиі сырласасыз ба?!
- Сырласу қайдааа, біздегі мың мінәжат қана ғой...
Сізге...
Сіз дейінші, батам қалай сен деуге,
Мың мінәжат шөгіп жатыр кеудемде.
Есі шыққан ақылымды аяңыз,
Бір періште жіберіңіз емдеуге.
Сіз – ұлысыз, адалдардың адалы,
Сізге айқын харамдардың амалы.
Ақ пен қара айқасынан шаршаған,
Жүрегімнің жеткен жоқ па хабары?
Сіз – қаталсыз, қаталдардың қаталы.
Бұйырсаңыз, Күн де кенет батады.
Адалға ынтық жүрегімнің бүршігі,
Қашан енді, енді қашан атады?!
Сіз қайдасыз, ғарышта ма, жерде ме?
Сіз қайдасыз, көрсетпейтін перде не?
Ызыңдаған сұрақтарды доғарам,
Бір тамшы нұр дарытсаңыз кеудеме...
Сұхбаттасқан: Марлен Ғилымхан