18 қаз, 2023 сағат 15:25

Жалақы мен зейнетақыға ғана күн көріп отырған қазақстандықтар декларация тапсыра ма?

сурет ашық дереккөзден алынды

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жылдық табысы тек жалақыдан ғана тұратын қазақстандықтар декларация тапсыруға міндетті ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбековтің айтуынша, көптеген азаматтың жылдық табысы негізінен жалақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерден құралады.

"Осыны ескере отырып, таза декларацияны тапсырудың немесе кірістер бөлігінде "нөл" деген соманы көрсетудің қажеттілігі бар ма? Сіздер мұндай азаматтарды декларациядан босатасыздар ма? Жалпыға бірдей декларцияның принципі бұзылмай ма?", - деп сұрады депутат қаржы министрлігінің өкілінен.

Вице-министр Ержан Біржанов тек жалақы алатын азаматтар жалпыға бірдей декларацияны тапсырудан босатылатынын айтты.

"Себебі жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңі ішінде 99 пайызы жалақы ғана алатынын көріп отырмыз. Біз олардың деректерін жалақы беретін мекемелерден көре аламыз. Сондықтан жеке азаматтарға 270 форма бойынша декларация тапсырып керек емес", - деді ол мәжіліс отырысында.

Бірақ, айтуынша, декларацияға кіру бойынша концепция сақталуы үшін бастапқыда 250-ші бап көрсетіледі.

"Соған байланысты барлық актив көрсетіледі. Ал келесі декларацияда егер тек қана жалақы болса, оны көрсетіп керек емес. Егер басқа кіріс түрлері болса, оны көрсету көзделеді. Бұл жалпыға бірдей декларация процесін жеңілдетуге қолғабыс тигізеді деп ойлаймыз", - деді Біржанов.

Сондай-ақ вице-министр жалпыға бірдей декларацияны тапсырудың мерзімін бір уақытқа ауыстыру көзделіп отырғанын айтты.

"Себебі қазір бүкіл декларация электронды түрде тапсырылып жатыр. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан біз тапсыру мерзімін 15 қыркүйек деп бір мерзімді бекітуді қолдауды сұраймыз", - деді ол.