Украина Президенті Владимир Зеленский 12 ресейлік тұтқынға рақымшылық жасау туралы Жарлыққа қол қойды. Олар Киев пен Мәскеу арасындағы тұтқындар алмастыратын орынға жеткізілген. Бұл ақпаратты Facebook-тағы парақшасында адвокат Валентин Рыбин хабарлады.
Заңгердің айтуынша, бір ресейлік тұтқынға рақымшылық жасалмаған, арнайы орынға да жеткізілмеген. Рыбиннің айтуынша, бұл - Украина шығысындағы қақтығыс кезінде сепаратистер қатарында соғысқан, сол үшін 15 жылға сотталған Руслан Гаджиев.
Бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин екі ел арасындағы тұтқындармен алмасу бойынша келіссөздің аяқталуға аз қалғанын мәлімдеген. Бірақ екі елдің нақты қашан алмасатынын ашып айтпаған. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та ол жайлы тіс жармады. Құпия дереккөзіне сүйенген "Интерфакстің" хабарлауынша, 7 қыркүйекте екі ел бір-біріне азаматтарын тапсыруы мүмкін.
Ресей билігі Украинада нақты кімдердің босатылуы мүмкін екенін айтпады. Болжам бойынша, олардың бірі Украинадағы РИА Новости агенттігінің бас редакторы Кирилл Вышинский болуы мүмкін. Жақында Украина соты оны босатқан. Ал Ресейде босатылуы мүмкін азаматтар арасында украиналық режиссер Олег Сенцов, өткен жылдың аяғында Керчь бұғазында ресейлік әскерилер ұстаған украиналық теңізшілер де бар. Кейбір дереккөздер теңізшілердің барлығы босатылмауы мүмкін деп болжайды.
Түрлі дерек бойынша, Мәскеу мен Киев өзара 33-35 тұтқынмен алмасуды көздеп отыр.