04 ақп, 2021 сағат 09:00

Заң жобасы: Ұлттық инновациялық жүйе процестері жандандырылады

Депутат Еділ Мамытбеков Парламент Сенатында қаралған ғылым жөніндегі заң жобасы нақты қандай міндеттерді шешуге бағытталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында қазақстандық және шетелдік сарапшылардың бірыңғай базасын құру нормасы көзделеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру процестері мемлекет тарапынан бюджеттік қаржыландыру саласына тартылған», - деді Еділ Мамытбеков. 

Осылайша, екі негізгі буынды – тиімді гранттық қаржыландыру мен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды қолдау шаралары күшейтілуде. Бұл Қазақстанның нақты ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру процестерін жандандырудағы маңызды қадам болмақ. 

«Әрине, ғылымның барлық проблемалық мәселелерін бір заң жобасында қамту мүмкін емес. Жеке нормалар нүктелік сипатқа ие. Атап айтқанда, ұғымдық аппарат нақтыланды. Үкіметтің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру қағидаларын бекітуге өкілеттіктері кеңейтілді. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салааралық үйлестіру бөлігінде ғылым жөніндегі уәкілетті органның жекелеген функциялары мен міндеттері қайта қаралды. Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның, Ұлттық ғылыми кеңестердің міндеттеріне өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзыреті кеңейтілуде», - деді ол. 

Депутат заң жобасын қабылдау инновациялық - белсенді кәсіпорындардың үлесін ұлғайтатынын (28411 кәсіпорынның 3206-сы ғана инновациялық-белсенді кәсіпорынға жатады), ал Қазақстан жаһандық инновациялық индексі (77-орын) және инновациялық экономикалар (59-орын) рейтингтеріндегі өз позициясын жақсартатынына сенім білдірді.