Қазақстан бокс федерациясының шешімімен Олимпиадада әділетсіздіке ұшырап, алтынды ала алмай қалған Василий Левит еліміз тағайындаған чемпионға лайық сыйақыны алады - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚБФ-ның мәлімдеуіне қарағанда Левит мемлекеттің күміс жүлдегерге тағайындаған 150 мың АҚШ долларын алады. Бұған қоса федерация өз тарапынан тағы 100 мың доллар қоспақшы.
"Қазақстан намысын абыроймен қорғаған Василий Левитке енді елде осындай құрмет көрсетіледі. Бұған қоса, арты үлкен дауға ұласқан жекпе-жек жайында тағы бірқатар шаралар қолға алынады" -деген федерацияның баспасөз қызметі бұл мәселе жөнінде толығырақ ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Естеріңізде болса, бокстан 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиада финалында қазақстандық Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкомен кездескен болатын. Сайыс шешімі әділетсіздікпен шығарылғанын әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Содан бері халықаралық бокс қауымдастығының атына және төрелік еткен қазыларға бағытталған сын толастар емес.
Ұлт порталы