
Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан бастау алған «Алқаптан – сөреге дейін» кооперациялық тізбегі бүкіл республикада жалғасын табады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өзінің өндірген өнімін, әсірісе қияр, алма, қызанақ сақтайтын орындар оңтүстік өңірлерде жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет тарапынан екі түрлі жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншіден жеті облыста көтерме-тарату орталықтарының желісін салу мәселесі көтерілуде. Ол көтерме-тарату орталықтарының негізгі міндеті – шаруалардан келіп түскен азық-түлік тауарларын сақтау, содан кейін үлкен көлемде сату», - деді Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша биыл Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында «Алқаптан – сөреге дейін» деген ауылдағы кооперациялық тізбекті дамыту жұмысы басталған.
«Бұл – сауда орындары мен шаруаларды қосып, делдалсыз тікелей сауда жасауға мүмкіндік жасау. Биыл үш облыста жүріп жатыр. Оған республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Осы жылдың аяғына қарай тізбек жақсы жұмыс істейтін болса, ол бастаманы басқа да облыста жалғастыратын боламыз», - деді ол.
