04 ақп, 2022 сағат 09:46

"Үрлемеймін": антикор қызметкері полицейлерді әбден әуреге салды


Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкері полицейлерді әбден әуреге салды.

Жүгенсіз жүргізуші тәртіп сақшыларынан қашып, жол-жөнекей бөтен көліктерді талқандап тастаған. Ақырында ұсталғанымен, наркологиялық орталықта шу шығарды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

- Не себепті қарсылық білдіріп жатырсыз? Сіз заң қызметкерісіз. Отырыңыз, менде бастан-аяқ видеосы бар, міне. Енді сіз анаған үрлеңіз.

- Үрлемеймін. Мен заңды білемін, құқығымды білемін.

"Өз құқығын жақсы білетін" антикор қызметкері түтікшеге үрлеуден бас тартып, сараптамаға қанын тапсырған. Оның қорытындысы бірден шықпайды. Дегенмен тәртіп сақшылары оның мас күйінде көлік жүргізгенін айтады.

Полицияның айтуынша олар бір кафедегі жанжалға шақыртумен келген. Сол жерден осы жігіт сытылып шығып, көлікке міне сала тұра қашыпты. Жолай көлік апатын жасап қарасын батырмақ болғанымен, ақыры ұсталған.

Жемқорлықа қарсы күрес агенттігі осы жағдайға байланысты қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады.

"Жедел әрекет ету кезінде 38 жастағы азамат ұсталды. Көлік жүргізушісі медициналық куәландырудан бас тартып, қан тапсырған. Сол қанның талдау қорытындысына сәйкес бұл оқиға бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.