Қысқы универсиада спортшы студенттердің қатысуымен көптеген спорт түрлері бойынша өткізілетін, 11 күнге созылатын ең ірі жарыс. Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға екі мыңға жуық спортшы қатысып, 12 спорт түрінде 85 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қысқы универсиадаға жоғары деңгейдегі жарыстарда медальдерді жеңіп алған әлемнің көптеген спортшылары қатысатындықтан, медаль үшін күрес қызу өтеді деп күтілуде. Сондай спортшылардың қатарында келесі есімдерді атауға болады: 2014 жылғы Олимпиада чемпионы және шорт-тректен әлемнің екі дүркін чемпионы Ким Аланга (Оңтүстік Корея); трамплиннен секіру бойынша 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Универсиаданың екі дүркін чемпионы (2013 және 2015 ж.) Максимочкин Михаил (Ресей); биатлоннан 2012 жылғы жасөспірімдер арасындағы қысқы ойындардың чемпионы Ким Чеолюнг (Оңтүстік Корея); фристайлдан 2015 жылғы Универсиада чемпионы Кучерова Николь (Чехия); Азия ойындарының күміс жүлдегері (2011 ж.), 2012 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (1500м, 3000м ), 2013 жылғы универсиада чемпионы Хванг Хиун-Сан (Оңтүстік Корея); биатлоннан Әлем кубогы кезеңінің екі дүркін чемпионы Батист Жути (Франция); трамплиннен секіру бойынша 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлемнің командалық жүлдегері Кшиштоф Биегун; тау-шаңғы спортынан 2016 жылғы екі дүркін чемпион (FIS Race) Биалобразский Доминик (Польша); шорт-тректен 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2015 жылғы Универсиада чемпиоы Чен Гуанг (Қытай) және т.б. Сондай-ақ, Универсиада-2017 жарыстарына мәнерлеп сырғанаудан ең мықты команда - Ресей құрамасы, соның ішінде 2015 жылғы Еуропа чемпионы және әлем чемпионы Елизавета Туктамышева қатыспақ.
Өз елімізде өтетін Универсиадаға қатысу үшін Қазақстанның ең мықты 175 спортшысы дайындық жүргізуде. Қазақстан құрамасының фавориттері қатарында келесі есімдерді атауға болады: Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), Юлия Галышева (фристайл), Павел Колмаков (фристайл), Жанбота Алдабергенова (фристайл), Роман Креч (конькимен жүгіру спорты), Станислав Палкин (конькимен жүгіру спорты), Айдар Бекжанов (шорт-трек), Абзал Әжғалиев (шорт-трек), Нұрберген Жұмағазиев (шорт-трек), Денис Никиша (шорт-трек) және т.б. Қазақстанның бес дүркін чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де бірнеше жоғары марапаттардың, атап айтқанда, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола медалі, 2013 жылғы мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс медалі, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола медалі және т.б. марапаттардың иегері болып табылады.
Жалпы алғанда Алматыдағы 2017 жылғы Универсиада қатысушылары арасында келесі атақтарды иеленген спортшылар бар:
- Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының 3 чемпионы және 1 қола жүлдегері;
- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының 11 чемпионы және 6 жүлдегері;
- Қысқы универсиадалардың 6 чемпионы;
- FIS қысқы старттарының және Әлем кубогы кезеңдерінің 20 чемпионы және жүлдегері.
Чемпиондар өздері қатысатын спорт түрлерінде айрықша қабілеттерін көрсету үшін алдына жан салмай күреспек. Ең бастысы, спортта енді-енді ойын көрсетіп бастаған ойыншылар үшін осындай деңгейдегі спортшылармен күреске түсу үлкен сын әрі жоғарғы құрметке айналмақ, сондай-ақ, жоғары атақтарды иеленген спортшылар оларға жоғары биіктерге жол көрсеткен «шамшырақ» болмақ. Демек 2017 жылы Алматыда өтетін Қысқы ойындар спорт әлеміне жаңа жарқын есімдерді сыйлауы әбден мүмкін.