07 мам, 2020 сағат 12:20

Үндістан зауытынан шыққан улы газдан 8 адам көз жұмды

Үндістанның оңтүстік-шығысында орналасқан химия зауытынан шыққан улы газдан 8 адам көз жұмып, жүздеген адам зардап шекті. Бұл туралы BBC  агенттігі хабарлады.

Апат Вишакхапатнам қаласындағы полимерлер өндіретін зауытта болды.

Нақтырақ, оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 03:00 шамасында, LG Polymers Ltd компаниясының зауытында орын алған. 

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға көздері ашып, тыныс алуы нашарлаған жүздеген адам жеткізілген. Hindustan Times газеті ресми сайтында қаза болғандар арасында екі әйел мен бір бала бар екенін хабарлады. Басылым сондай-ақ, улы газдың шығуы салдарынан жүздеген емес, мыңдаған адам зардап шеккенін жазды. 

Hindustan Times газетінің хабарлауынша, газ жақын аумақтағы 20 кентке тарап, ондағы тұрғындардың өздерін нашар сезінуіне себеп болғанын атап өтуде. 

BBC мәліметінше, улы газ шыққан зауыт Үндістанның коронавирус пандемиясына байланысты карантин режимін енгізген 24 наурыздан бері бүгін ғана қайта ашылған.