«Кеңес Юсуп ағамыз дүние салды!» деген суық хабарды естігенде алдымен есеңгіреп қалып, өзіме өзім келгенде ол кісімен алғаш танысып, араласқан жылдарым көз алдымнан қайта бір «зыр» етіп, зымырап өте шыққандай болды.
Өскемен деген өндіршектей тас қала... 17 жасымда облыстық газетке қызметке алынғаным... сондағы өзімді жатсынбай, жатырқамай бауырына тартқан қаламдас ағаларым... Бәрі-бәрі бір сәтте ғайыптан құйылғандай жадыма жетіп келді...
Біз, ақын Зәутдин Шәмшиев екеуміз бірге отырамыз, көбіне жұп жазбай бірге жүреміз. Алтайдың қаһарлы қысында екеуміздің қара базардан киген құлақшындарымыз ұқсап кетіпті. Басымызда ақ түлкінің елтірісінен тігілген Сібірдің әппақ-әппақ бір-бір сеңсең малақайы. Күнде өкіртіп өлең жазып, кеудемізге қарадай нан пісіп, буымыз бұрқырап жүргенбіз. Сол күндерде Кеңес ағамыз Зәутдин екеуміздің қауғадай қауқиған тұмақтарымыз бен түр-тұрпатымызға қарап тұрып, «түрікпен тектес бауырлар» деген ат қойды. Түрікпенге үш қайнасақ сорпамыз қосылмағанмен, ол кісінің аузынан шыққаннан кейін бізге де ұнап қалғандай болды.
«Түрікпен тектес бауырлар!» десе, екеуміз де жалт қараймыз. Оның үстіне қаламдас ағаларымның өздері қалыптастырған ғұрыптары бойынша екеуміз де «аға» атанып шыға келдік: «Зәутдин – Зәу-аға, Ұлықбек – Ұлы-аға!» Зәутдинді білмеймін, мен өзім біраз уақытқа дейін қаршадай болып аға атанғаныма үйрене алмай, қысылып- қымтырылып жүргенім есімде. «Қысылатын несі бар,-дейді ағаларым,- мінеки, Кеңес – Кең-аға, Тоқтарбек - Тоқ-аға, Мүсілім – Мүс-аға, Серік – Сері-аға! Біз бір-бірімізді аға дейміз. Сендер де аға боласыңдар! Мысалға, Қуанбайды – Қу-аға, Жүністі - Жүн-аға дегеннен сені Ұлы-аға деген әлдеқайда жақсы ғой!»- десетін...
Кеңес аға сол кездің өзінде өте бипаз, биязы, сыпа, аса кішіпейіл, байсалды, баппен сөйлейтін, бекзат болмысты жан еді. Мәдениеттілігі сондай, телефонмен сөйлескенде трубканы арғы жақтағы тілдескен кісісінен бұрын орнына қоймайтын. «Жалын» журналында «Бәдәуи» деген әсерлі әңгімесі жарқ етіп, әдеби қауымды жалт қаратқан 29-30 жастағы кезі. Зайсанда тұратын Бәдәуи деген құдамыз болатын еді, бұл онымен аттас басқа кейіпкер екен.
Менің жалдаған пәтерім Кеңес ағамен есіктес болып шықты. Екі күннің бірінде басымыз тоқайласады. Сол 1971 жылдың өзінде Кеңағаның оқу-тоқуы мықты, білген –түйгені ерен, білімі терең болатын. Үйінің бір қабырғасын тұтас алып, 200 томдық «Әлем әдебиетінің кітапханасы» сіресіп тұр. Қолымыз жетпейтін атышулы кітапхананы тұңғыш рет сол үйден көрдім. Көзімді сатып, тәнті болдым. Өзім де бала кезден кітапқұмар едім, шынын айтсам, мұнша байлықты алғаш көргенде көзім тұнып, шалқамнан түсе жаздадым. Шырғалап, шыға алмаймын. Өзі болса шетінен кеміріп оқып жатады. Маған да оқуға рұқсат. Әттең, сол кезде орысшам кемшін. Әр классиктің кітабын бір шаламын. Ұғым-түсінігім жетісіп тұрғаны шамалы.
Кең-ағам менің таңдай қағып, тамсанғанымды көріп: «Осы кітаптарды неше жылдан бері жаздырып аламын деп бүйірім шықпай жүр. Редакциядағы кейбір құрдастарым: «Өзің жарымай жүріп, сонша қымбат кітап жиған не сәнің?» деп күледі. Күлсе-күлсін, бірақ, бағасын білгенге нағыз байлық осы ғой» деп қойды.
«Осы 200 томның екі томын біздің Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» алып тұр! Қара, көр, әлемнің басқа классиктерінің көбі бір-бір-ақ томнан! Бұл біздің қазақ әдебиетінің кереметтігін көрсетпей ме?» дегені бар.
Кең-аға бірде менің қағазға шимайлай салған суреттерімді көріп, ұнатып, маған тіл-әдебиетке де, журналистикаға да емес, архитектураға оқуға түсуге ақыл берді. Орыс поэзиясының озығы Андрей Вознесенскийдің архитектор екенін, оның өлеңдерінде сәулеткерліктің салтанат құратынын айтып, біраз қызықтырып бақты. Бірақ мен математикадан мақұрымдығымды алға тартып, басымды алып қашқаным бар.
Кең-ағаның Ардақ, Айбек деген қыз-ұлы онда әлі кішкентай. Екеуміз түн ортасында асүйде кофе сораптап, әңгімелесіп отырғанда кейде, «сен мына кітапты оқи тұр» деп, білегін сыбанып жіберіп, ваннаға барып, Айбектің жөргегін өзі жуып тастайтын еді. Оны ерсі көргенімді сезгендей маған: «Екеуі де мазасыз. Жеңгең ұйқысы қанбай шаршап жүр, жаным ашиды, қол ұшын бермесем болмайды, обал ғой» деп ақталғандай болатын. Реті келгенде, ол жеңгеміздің Социалистік Еңбек Ері, атақты металлург Жәпек Алдабергеновтың туған қарындасы екенін құлаққағыс қылған...
Кейде маған өлең оқытып қоятын. Пікірлері аса пайымды, салмақты келетін.
Сондай түндердің бірінде ағамыз «Желқайық» атты жаңа әңгімесін оқуға берді. Сөйлемдерінің әредік-әредікте қыстырма сөзбен көз күрмейтін құрмаластығына қарамастан бір деммен жұтып салдым. Маған қатты ұнады. Бақсам, Кеңес Юсуп ағамыз өзен пароходствосы училищесінде оқып, кеме жүргізуші мамандығын алған кәсіби кемеші болып шықты. «Өзенші» деген мамандық жоқ, сондықтан бізді «теңізші» деп атайды» деп, жұмсақ жымиғаны есімде. (Көп жыл өткен соң Кең-ағаның 70-ке толған тойында мен оған «Мұхитшы» деген өлең арнауымның себебі осындай). Артынша сол «Желқайық» хикаясы «Жалын» журналында жарияланып, үлкен резонанс туғызды. Әдеби қауым, кейбір сыншылар Шыңғыс Айтматовтың одан көп кейін жарық көрген «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты повесін оқыған кезде Кеңес Юсуптың «Желқайығын» бірден еске алып, тілге тиек етіп, Шықаңның осы тақырыпты жазуына түрткі болған шығарма десіп жүрді. Кең-ағаның «Қарашадағы көктем» повесі де біз байыптай бермейтін, бірақ өзі ұңғыл-шұңғылын жетік білетін өзен кемешілерінің өмірін өзек етуімен ерекше.
Кеңес Юсуп аударған Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» бас алмай оқыған шағым да бір ләззатты күндер екен. Авторы бір жарым жылда жазып шыққан осы үздік романды лайықты қазақшалау үшін ағамыз ерінбей-жалықпай екі жылын жұмсағанын айта кеткен жөн шығар. Қас зергерлерге тән кемел қасиетті бойына сіңірген Кең-аға жазушы атанған екенмін деп, оңды-солды бұрқыратып көп жазған жоқ. Сараң қалам сілтеп, саралап, сұрыптап, саусақпен санарлық сапалы, шұрайлы, шырайлы шығармалар берді.
«Неге аз жазасыз?» деген сұраққа бірде өзі: «Бір бабамның: «Болсам да өзім мерген аз атамын, Шүрегей үйрек емес, қаз атамын» деген сөзі бар екен» деп сырбаз жауап берген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын екеуміз Түркияға, Анкараға сапар шектік. Мен тұрақты кеңесінің мүшесі болып табылатын Евразия әдеби журналдары Конгресіне қатысып, баяндамалар жасап, жарыссөздерге араластық. «Фолиант» баспасы жанынан шығатын «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы ретінде сөз алған Кеңес Юсуп сол бас қосуда өзінің терең мәнді, салиқалы ой-пікірлерімен 30 шақты елден келген қаламгерлер қауымын бірден баурап алып, үлкен құрмет-беделге ие болғанына куәмін.
Одан кейінгі әр жылда сол Конгреске барған сайын маған «Кеңес Юсупке сәлем айт!» деушілер аз болған жоқ. Бір кездескенде «Денсаулық болмай жүр. Орнымды жастарға бердім. Думан Рамазан деген жас пері жалғап жатыр» деп еді. Ол бастап шығарған «Әлем әдебиеті» журналы Отандық баспасөзден өз орнын ойып алды. Бұл күнде аса қажетті осы бір тамаша журналды қаржыландыруды мемлекет тоқтатқан соң, жабылып қалды. Орны ойсырап тұр. Аяулы ағамыздың да пешенедегі бұйрықты уақыты жетіпті. Оның да орны ойсырап қалғанын сезінген сайын ішім удай ашып отыр. Журналы қайта шығар, кітаптары да қайта басылар, бірақ осы бір ойлы жан енді қайтып келіп, біздің сәлемімізді алмайды-ау, деген ойдың өзі жегідей жеп барады... «Ай нұрын ұстап мініп» қусақ та жете алармыз ба соңынан? Өмірге өз нұрын беріп, көзі жұмылған жұлдыз ғой ол... Біз оны жоғалтқанымызды және қандай қайталанбас тұлғадан айрылғанымызды әлі толық сезіне алмай жатырмыз-ау!..
«Кемеші келсе - қайықшы судан шығады» деуші еді. Ал, міне, сол кемеші қайтпас сапарға кетті...
Бақұл болыңыз, бекзат аға! Қош, әдебиет дариясының ардақты кемешісі! Пейіште нұрыңыз шалқысын!..
15.01.2017. Алматы
Ұлықбек Есдәулет,
Ұлт порталы