11 қаз, 2018 сағат 16:02

Ұлықбек Есдәулет: Алып жүрек тоқтады, асау толқын тыншыды

Бүгін қазақ халқы Алматыдағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрында аяулы перзенті, біртуар қаламгер Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынға жиналған қауым Шерхан Мұртазамен бірге қызмет істеген, дос болып қатар жүрген кездерден естеліктер айтты.

Ақын, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Шерағаның қазасын асау толқынның тыншуымен салыстырды.

«Сұм ажал Алаштың аяулы перзенті, абыз ақсақал, қазақ әдебиетінің қайталанбас қайраткері, қазақтың ұлы қаламгері Шерхан Мұртазаны ортамыздан алып кетті. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Алып жүрек тоқтады, асау толқын тыншыды. Қазақтың жүрегі қан жылап, теңселіп тұр. Шераға өз ғұмырын тұтастай жұртына арнады. Шырылдаған шындық үшін жанын шүберекке түйіп тұрып шайқасты. Ақиқат үшін арыстандай арпалысты. «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамның тілі - біреу ғана» деп туған тіліміздің мәртебесі үшін күресті. Жерді сату - ананы сатумен тең деп, туған жерінің тұтастығы үшін тартысты.  «Рухы мен намысы сөнген ел - өлген ел» деп ұрпақтың рухын оятты. «Тәуелсіздіктің дәмі тәтті, жолы қатты» деп егемендігімізді бекітуге бел буып кірісті. «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу болуымыз керек» деп еліміздің болашағы үшін көкбайрақтың астында тізе қосып бірігуіміз керектігін қадап айтты. Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы болған қаламгердің өлмес шығармалары ұрпаққа мирас болып қалды. Күндей күркіреген күш-қуаты, мұқалмаған жігері, арқыраған айбары, найзағайдай жарқылдаған намысы қалды», - деді ақын.

Ұлықбек Есдәулет Шерхан Мұртазаның журналистік жолы туралы да айтып өтті.

«Шераға еліміздің баспасөзі мен  ақпарат саласын биікке шығару үшін жан аямай атсалысты. «Жұлдыз» журанлында, «Лениншіл жас» «Қазақ әдебиеті», «Егемен  Қазақстан» газеттерінде бас редактор, ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болған кезінде де өрімдей, талантты жастарды жанына жинап, тәлім бере білді. Ұлағатты қаламгер ғана емес, ұлы ұстаз атанды. Бұл шәкірттерінің бәрі кейін қазақтың біртуар азаматтарына айналғанда, өздерін «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп мақтана алатын халге жетті», - деді Ұ.Есдәулет.

Айта кету керек, Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасына қараған шағында 9-қазанда шамамен 18:30-да Алматы қаласындағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болған еді.

inform.kz