23 там, 2016 сағат 10:49

Ұлы Даланың ұлы анасы ұлықталды

 

Қазақ тарихында елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ғазиз аналарымыз бен ерлік жолында есе бермеген қайсар қыздарымыз аз болмаған. Бұл жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Алайда, осы бағытта ана болмысын архитектуралық көріністе сипаттау кемшін соғып келді. Осы олқылықтың орнын толтыру жолында игілікті іс атқарылып жатса, оны неге өзгеге үлгі ретінде көрсетпеске.

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың ұлы Абайдың әжесіне мүсін орната отырып, қазақ аналарының рухын көтеру мақсатындағы бастамасы көрген адамның көңілін өсіріп, естіген жанның қызығушылығын арттырды. Игілікті іс «Ұлы даланың ұлы аналары» деген атаумен ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталып, келесі күні ұлан-асыр халықтық мерекеге жалғасты. Алыс-жақыннан келген қонақтар, белгілі ғалымдар мен өнертанушылар өздері куә болған іс-шаралардың мазмұнын жоғары бағалап, көпшілік алдында ризашылық пікірлерін паш етті.

Әңгіме басын Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде өткен «Ұлы даланың ұлы аналары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастап көрсек, Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов пен Университет ректоры Мейір Ескендіровтің бірлесіп қолға алумен өткен алқалы жиында аналар образы, оның ішінде Зере әже барынша кең сипатталды. Тоқбала есімін арқалап бойжеткен арудың келін болып түскен ортада Зере есімін иеленгенінен бастап, ұлы әжелер символына айналғанға дейінгі аралықты сөз зергерлері кеңінен қайырды. Халықтық тәрбиеміз бен ұлттық құндылықтарымыз жаһанның жанарын жаулаған өзгенің үрдістерімен тайталасып тұрғанда өзіміздегі бар нәрсенің бағасын арттырып, ұрпақ бойына сіңірудің барлық амалын қолға алу - өте өзекті мәселе!

Міне, көптің көкейінде сыздап жүрген дүниені дөп басып, әжелер бейнесін тұғырға шығарып, осы төңіректе тағылымдық жиын өткізу ел азаматтарының естілігіне байланысты. Егемен еліміздің ежелден келе жатқан жауһарға бергісіз дәстүрі, ұрпақ тәрбиелеудегі ұшан теңіз тәжірибесі, о бастан қалыптасқан отбасылық институты бар. Соның арқасында елі мен жерін ең басты байлығы санаған сайыпқыран ұрпақ өсіп отырды, ел бастаған көсем, топ бастаған шешен, жаужүрек батырлар дүние есігін ашты. Арғы-бергі дала институтының ілімін, тағылым мектебінің үрдісін бойына мол сіңірген арулар мұқым халық мақтан ететін, ұрпақ өнеге тұтатын  ақылман ана деңгейіне көтерілді. Бұл жөнінде қазақ тарихында мысалдар жетіп-артылады. Соның бірі де, бірегейі Құнанбайдай ұл, Абайдай немере тәрбиелеген алтын құрсақты ана Зере Бектемірқызы (кейбір деректе Теңізбайқызы)!

Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр ғана болғанымен елімізде ананы ардақтау, аруларымызды аялаудың ежелден қалыптасқан дәстүрі бар. Оның тамыры тереңге кеткендіктен қаншама замана дауылдарына төтеп беріп келеді. Ұлы Абайдың ұлы әжесі құрметіне ескерткіш орнатылуы - сол үрдістің жемісі. Осы тұрғыдан келгенде Батыстың «ойлап тапқан» Гендерлік саясаты, кешегі Кеңес одағының «Әйелдер теңдігі» біздің дала демократиясының жанында жіп есе алмас. Ақылы асқан аналар есімімен рулы елдің атын берген, ерлігі асқан арулар жорықта қол бастатқан, бойжеткендеріне боз жорға мінгізіп бетінен қақпаған қазақта әйел затын бағалаудың сандаған үлгісі бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтар болсақ: «Әйел ошағымыздың ұйытқысы, отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі».

Ұлы даланың ұлы аналарын ұлықтауға арналған басқосу бізді осындай ойларға жетеледі. Тағылым тұнығынан тағы бір қанып ішуге түрткі болды. Конференцияда кемел ой өрбіткен ғалымдарымыз да сөз төркінін ұлттық тәрбие көкжиегін кеңейте түсуге тіреді. Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор, Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Уәлиханов атындағы  тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы  тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабаев, филология ғылымдарының кандидаты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Айман Ақтанова сынды ғалымдар қазақ халқының қайраткер аналары туралы арнайы баяндамалар жасалды. Еуразиялық көшпелілер өркениетінің негізін салған сақтардан бастап, кешегі номадтық аяқталған кезеңге дейінгі аралықтағы далалықтар  қоғамындағы аналардың орнын көрсетуді мақсат тұтқан конференция межелеген деңгейде жалғасты.

Конференция аясында атқарылған ілкімді істің тағы бірі «Құнанбай» фильміндегі Зере әжені бейнелеген Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрсипат Салықова мен киноның режиссері әрі басты рөлді сомдаушы актер Досқан Жолжақсыновқа жасалған қошамет. «Еңлік Кебек» кинотеатрында «Құнанбай» фильмін тамашалаудың соңы көрермендер мен актерлер арасындағы сыр-сұхбатқа жалғасты. Жергілікті жұрт кездесудің соңын алдағы қыркүйекте Қазан қаласындағы халықаралық кино фестиваліне жол тартып бара жатқан «Құнанбайға» жоғарыдан орын алуына тілектестік білдірумен аяқтады. Шынайы ризашылықтың бірі - Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атануымен ұштасты. Университет ректоры Мейір Ескендіров оқу орынының жоғары марапатын табыстау кезінде: - Досқан Қалиұлының қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі ерекше. Басқа еңбектерін қоспай бір ғана бүгінгі басқосу аясында сөз қозғасақ, «Құнанбай» фильмінде бас кейіпкермен қатар ұлы Абай әжесінің де қайраткерлік тұлғасын сәтті аша түсіп, Құнанбай дәуірін жан-жақты суреттеді деп ойлаймыз. Айтулы шығарма 5-11 қыркүйек аралығында Қазанда өтетін Х11 халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысқалы жатыр. Барша семейліктер осы бәсекеде «Құнанбай» фильмінің топ жарып шығатынына тілеулес, ақ жол тілейміз», - деп көрсетіліп отырған құрметтің мазмұнын аша түсті.

Ұлы даланың ұлы анасы Зере әжеміздің ұлықтау шарасының келесі кезеңі өзі туып өскен Жарма жерінде жалғасын тапты. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың ұйытқы болуымен дүниеге келген Зере әже ескерткіші ақ самай ардагерлерімізден бастап естияр жастардың барлығын ерекше сезімге бөлегендей. Әлем ғұламаларымен терезесі тең, адамзат данышпанына айналған ұлы ақынымыз Абай әжесіне арнап ескерткіш орнатып, оны барша қазақ әжелерінің символына айналдыру қай жағынан алып қарасаңда үлкен өнеге. Дүбірі алысқа жететін мереке қай жерде өтпей жатыр. Қандай ұлан-асыр той болса да терең мазмұнымен, артында қалдырар өнегесімен ерекшеленбек. Тағылым тұрғысынан алып қарағанда Жарма жерінде, Қалбатау етегінде бой көтерген Зере әже ескерткішінің жөні бөлек. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады десек, сол тәрбиенің үлкен бір арнасы әже мен немере арасында жатыр. Жүрек жылуымен бірге өнегелі әңгімелерді немере бойына сіңіре білген Зере әже соның бір дәлелі. Немересі Абайды алдына алып отырған Зере әженің ескерткіші талай жанды өзінше толғандыратыны анық. Мәңгілік елдің негізі ұрпақ санасына қажетті құндылықтарды құя білуден басталса керек.

Бірі Астана, бірі Алматыдан келген қонақтар тарапынан Шығыс Қазақстанның Жармасында жүзеге асып жатқан осы мерекені Ана мәртебесін асқақтатудың жаңа үлгісі деп те бағалап жатты.  Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімін арнайы қонақтар Д.Жолжақсынов, Н.Салықова, Т.Жанғалиев, Т.Әубәкіровтей  ел ағалары жасап, ақжарма тілектерін жолдады.  

Ескерткіштің ашылу салтанаты кезіндегі сөзінде аудан әкімі Нұрлан Бәтташұлы осы игілікті шаруаны қолдап, атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығын жеткізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ауданның ардагер ақсақалдары әркез рухани дем беріп, кеңестерін айтып отырған.  Аудан басшысының сөзін сабақтай түскен Қоғамдық кеңес төрағасы, Жарма ауданының құрметті азаматы Төлеуберді Әубәкіров: - Бұл ескерткіштің тезірек салынуын бар ниетімізбен қолдадық. Себебі, соңғы кезде ұрпақ тәрбиесі шынын айту керек, біраз ақсап қалды. Қазіргі келіндер балаларын ата-әжелерінің тәрбиесіне бергісі келмейді, үлкендер тәрбиесін ерсі көреді. Бүгінгі ескерткіш кереғар ұғымдағы жастар санасына сілкініс жасаса екен. Зеренің ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі бүкіл жұртқа жайылып, содан жұрт  үлгі алып, өнегелі ұрпақ  көбейер, - деген үмітін ашып айтты. 

Бір айта кетерлігі, Жарма ауданында Зере есімді қыз балалар көптеп кездесетіндігі. Осы мерейлі тойға қатысқан Зере есімді бойжеткендер легін Нұрсипат Салықова апамыз арнайы құттықтап, Зередей әжелеріңнің жолын берсін, өнегесі сендердің бойларыңнан табылсын деген аналық тілегін білдірді. Ескерткіш алдындағы ақ тілектер мен ән мен күй арасында қонақтар иығына шапан жабылып, арнайы марапатталып жатты. Ескерткіш авторлары да ел алдында қошаметтелді. Мүсіншілер- әкелі-балалы Тәтиевтер-Ертіс Исайынұлы және оның ұлы Еркебұлан Ертісұлы: - Зере әженің тізесіне немересін отырғызу идеясын аудан басшылығымен ақылдаса отырып шештік,  немересіз әже бейнесі ашылмайтыны белгілі. Зере әже бейнесін сомдауда көбіне Абай жолы эпопеясына сүйендік.  Өткен қараша айында қолға алынып басталған жұмыс көп қиындық тудырған жоқ. Еңбегіміз халыққа ұнап жатқан секілді, біз де қуанып тұрмыз, - дейді.

Ескерткіштің ашылу құрметіне арналған салтанат Қалбатау ауылының мәдениет үйіндегі өнер кешіне жалғасты. Жарманың жалынды жастары Абай мен Шәкәрім әндерін әуелетіп, би мен күйді кезек төгілтті. Концерттік бағдарламадан үлкен әсер алған қауым ауыл сыртындағы ипподромда ат бәйгесін тамашалады. Көршілес аудандардан жиыны 31 ат қатысқан аламан жарыстың алды болып Семейлік Шырын атты тұлпар келіп, шабандозы Жұмабаев Ілиясқа жеңіл автокөлік табыс етілді. Аламан бәйгенің бас жүлдесін Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов табыстады.   

Ипподромдағы ұлттық спорт ойындарынан соң Зере әженің рухына бағышталған құран-қатым түсіріліп, дастархан басында тойдың ұйымдастырылуына қонақтар тарапынан үлкен баға берілді.

Тарихшы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы: «Жақсыдан жақсы тумай ма, жақсының жолын қумай ма» дейді қазақ. кешегі Бәттәш сияқты жақсының артынан Нұрландай ұлы жолын қуып, мінекей, алты алашқа сауын айтқан ақжарма тойдың ұйытқысы болып, елінің мерейін өсіріп жатыр. Бұл - Нұрлан ұлымыздың ұлт алдындағы ұлы ісі деуге әбден жарасымды. Келешек ұрпақ енді Зерені ұмытпайды, Зерені ұмытпаған ұрпақ ұлттан да алшақтамасы анық».

Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы: «Соңғы жылдары қазақ даласында тарихын қайта қопару, ата-тегін жоқтау, баба рухына тағзым ету және оған белгі қою кең етек алды. Бұл - қуанарлық жағдай. Міне, енді сол үрдіс біздің шығыста да көрініс табуда. Ал, бүгін Жармада жаңа қырынан көрінген игі бастаманың, ұлы аналар рухына тағзым ету, оны дәріптеу Зере әжеден бастау алып отыр. Бұл- тарихи оқиға. Оның барлығына жанын салып жүгіріп жүрген аудан басшысының еңбегі жана берсін»!    

Міне, осылай Зере Бектемірқызына арналған той жоғары деңгейде өтті. Жан-жақтан жиылған жұрт разы болып тарқасты.

Қайрат Зекенұлы, 

 

ҚазАқпарат