Еліміздегі іргелі «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында «Ұлы дала сақшылары» жобасын іске асыруды бастады. Игі бастама Алматы қалалық Полиция департаменті, құқық қорғау органдары, күштік және басқа да арнайы құрылымдардың Ардагерлер кеңестерімен бірге жүзеге асырылмақ.
Жұмыс тәжірибесімен бөлісу және осы жобада бірлескен міндеттерді анықтау үшін Алматыда, «Динамо» Орталық кеңесінде Полиция департаментінің, ТЖД, ҚР Ұлттық Ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, Дене шынықтыру және спорт ғылыми-практикалық орталығының, Жастар ресурстық орталығының, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академияларының және қоғамдық қорлардың өкілдері жиналды.
«Ұлы дала сақшылары» жобасының мақсаты – кәсіби бағдар беру жұмысының өзекті мәселелерін талқылау және шешу, сондай-ақ, ҚР Ұлттық ұланы мен Шекара қызметінің әскери қызметшілері, сонымен қоса елдегі қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ететін басқа да құрылымдардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғауға байланысты мамандық таңдауда оқушыларға көмек көрсету, тәртіп күзеті мамандығының беделін арттыру.
Кездесу барысында қатысушылар құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік саласындағы әрі қарайғы қызметке жастарды кәсіби бағдарлау саласында мектептер мен колледждермен өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасып, тәжірибе алмасты. Атап айтсақ, көп жылдан бері «Жас Бүркіт балалар спорт үйірмелерінде, авиамодельді, өрт-құтқару, көше спорттарында –WorkOut-те ерте кәсіби дағдылары дамиды, ал «Динамо» ДШСҚ Шымкент қалалық филиалының тәжірибесі туралы білу өте қызықты болды.
Алматы қаласы Бостандық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәжірибесі танымды. Онда аудан оқушыларының спорттық, әскери-патриоттық тәрбиесін қамтитын «Жас Сарбаз» қозғалысы жұмыс істейді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы өңірдің 20 мектебінде «Жас Бүркіт» сыныптарын ашуды жоспарлап отыр.
«Ұлы дала сақшылары» жобасын ұйымдастырушылардың көзқарасынша – ол мектеп, гимназия, колледж, сондай-ақ әскери білім беру лицейлері оқушыларының физикалық, патриоттық тәрбиесі арқылы кәсіби резервті даярлауда кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
«Динамо» аталмыш жобаны дамытудың жан-жақты, әмбебап жолдарын жоспарлап отыр. Бұл балалар мен жастардың олимпиадалық, қызметтік-қолданбалы және ұлттық спорт түрлерін танымал ету, сондай-ақ спорттық викториналар, эстафеталар мен отбасылық старттар өткізу арқылы сабаққа деген тұрақты қызығушылығын ояту.
«Ұлы дала сақшылары» жобасы бойынша алғашқы бірлескен іс-шараны Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өткізу жоспарланып отыр.