Фото: ұйымдастырушылардан
"Абай" баспасынан жарық көрген 155 кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл баспадан биыл жарық көрген кітаптардың нақты саны. Баспадан шығарылған кітаптар арасында қазақ жазушыларының шығармалары, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби туындылар бар, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазіргі таңда «Абай» баспасынан шығарылған көркем әдебиет кітаптарының көшін Дулат Бабатайұлы, Хакім Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлерінің шығармалары мен кеңес одағы заманының әйгілі қаламгерлері бастап тұр. Одан бөлек баспада қазіргі таңдағы Қазақстанның көрнекті жазушылары мен жас авторларының шығармалары да оқырманға ұсынылып отыр.
«Сүмбіле жұлдызы туғанда» деген кітабым шықты. Мұнда бұрынғы өлеңдеріммен қатар жаңа жазылған «Жасыл түн» деген поэмам кіріп отыр. Әрине, сөзсіз қуаныштымын. Мұндай игі бастама мен үшін ғана емес, барша қаламгер үшін үлкен бір жақсылық деп ойлаймын», - дейді ақын Мұрат Шаймаран.
Фото: ұйымдастырушылардан
"Абай" баспасы көркем әдебиеттен бөлек діни-рухани, тарихи және ауыз әдебиетіндегі таңдаулы туындыларды оқырманға ұсынды. Атап айтсақ, «Ұлы тарих және ұлы әулиелер», «Ұлы дала ақиқаты», «Тараз – өркениеттер өрімдерінің куәгері», «Қарахан баба мен Айша бибі», Алтыбармақ бабамыздың «Мұхаммедтің пайғамбарлық дәлелдері», «Тұрмыс-салт жырлары», «Батырлық жыр-дастандар», «Лиро-эпостық жырлар», «Тұрмыс-салт ертегілері», «Аңыз-әңгімелер», «Қиял-ғажайып ертегілер», «Ауыз әдебиетінің шағын түрлері», «Хайуанаттар туралы ертегілер», тағы басқалар.
«Ұлы ағартушылардан бастап бүкіл қазақтың ауыз әдебиеті, фольклоры бар – соның бәрін қосқан кезде қырық пайызын құрайды. Ал қалған қырық пайызы кеңес өкіметі мен тәуелсіз замандағы өмір сүрген біздің классик ақын-жазушыларымыз. Қалған бөлігі жас авторлармен толықтырылып отыр», - дейді «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек.
Фото: ұйымдастырушылардан
Өткен жылы баспа ұжымы 35 кітапты оқырмандарға ұсынып, “Алдағы жылы қазақтың көркем әдебиет туындыларын 100 томдыққа жеткіземіз”,- деген еді. Осы жылы баспадан шығарылған кітаптардың саны 150 ден асып, ұжымның уәдесі толықтай орындалды.
Одан бөлек, Абай» баспасы қазақ авторлары және отандық баспалармен тағы бір жаңалықты бөлісті. Ол – электрондық және аудиокітаптар жарияланатын бірегей интернет платформа.
«Bookstagram» деп аталатын мобильдік қосымша арқылы баспа оқырманға қазақ кітаптарын қолжетімді бағада ұсынуды көздеп отыр. Мобильдік қосымшаны дамытып, елдің сүйікті онлайн кітапханасына айналдыру арқылы қазіргі таңда авторлық құқықтарды өрескел бұзып, қазақ кітаптарын түрлі әлеуметтік желі арқылы жөнсіз таратып жатқан пираттық қосымшаларға тосқауыл қоймақ.
Айта кетейік, "Абай" баспасы кітаптың шығуына кететін қаржының барлығын өз қалтасынан жұмсайды. Дегенмен баспадан жарық көрген кітаптардың барлығы әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, бояуы бай, бірегей дизайнда жасақталып, өзіне тән тартымдылығымен ерекшеленеді. "Абай" баспасы өз қаржысына шығарылып, сатылған кітаптардан авторларға қаламақы төлейтін деңгейге де жеткен. Осы жылдың өзінде 50-ден астам автор мен қайтыс болған авторлардың мұрагерлері «Абай» баспасынан түрлі сомадағы қаламақы алған.