29 там, 2017 сағат 14:28

Ұлттық ұлан ұлық мерекені ұлықтады

Бүгін, 29 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Ата Заң күнін ұлықтауға арналған бірқатар мерекелік шаралар өткізді.

Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы – Ата Заң мерекесіне арналған салтанантты шаралар «Оңтүстік» өңірлік өңірлік қолбасшылығына қарасты Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған және Алматы қалаларындағы барлық әскери бөлімдерде өтті.

Алматыдағы өңірлік қолбасшылықта өткен шараны ашқан Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Андрей Достайұлы Қаскелеңов: «Ата заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бас құжат мемлекеттің өркениетті дамуына негіз қалады, адам құқығы мен бостандығын қорғау ісіне кепіл болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы өзінің өміршеңдігін, демократиялық қағидаларға адалдығын дәлелдеді. Ұлы заңымызды ұлықтап, қадір-қасиетіне мән беріп, бәрінен де биік, бәрінен де қымбат асыл дүниеміздей ардақ тұту баршамыздың басты міндетіміз», - деп атап өтіп, еліміз үшін мәні мен маңызы айрықша мерекемен жиналғандарды құттықтады.  

Осы орайда тарқатқанда Ұлттық ұланның мемлекеттің қауіпсіздігі жолында, Ата Заңымыздан тармақталған заң қағидаттарының сақталып, елімізде мамыражай тыныштық құшағында өмір сүруіне сіңіріп отырған қызметі өлшеусіз деуге болады. Қазіргі таңда жұртшылыққа Ұлттық ұлан сабындағы әскери қызметшілер Конституциямен бекітілген әрбір заң талаптарының орындалуын қадағалаушы, жеке адамдардың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қылмыстық және құқыққа қарсы әрекеттерден қорғаушылар ретінде танымал. Бұл орайда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: “Бiздiң iшкi әскерлерiмiз аса жауапты мiндеттердi орындайды – олар елiмiздегi iшкi тәртiптi қамтамасыз етедi. Әскер елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiн нығайтуға үлкен үлес қосуда», деп атап өткен болатын.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланын 2017-2019 жылдары дамыту мен жетілдіруге арналған Жоспарды жүзеге асыру басталды. Бұл ауқымды атқарылар жұмыстың мақсаты Ұлттық ұлан ведомствосын Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесінде дамыта отырып, жеке құрамның ұтқырлығын, әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, ел қауіпсіздігін  тиімді қорғауға мүмкіндік беретін заманауи қару-жарақ, әскери және арнайы техникамен жасақтау болып табылады.

Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдары қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде танытқан ерлігі мен батылдығы, әскери қызметтегі жетістіктері үшін Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 100-ден аса жауынгері орден және медальдармен наградталды. Соңғы екі жылдың ішінде ғана әскери қызметті абыройлы атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде қызметті ұйымдастыра білуі мен қылмыстарды ашуға белсенді атсалысқаны үшін 22 әскери үкіметтік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Қорыта айтқанда, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің айбынды қызметі – халқымыздың бостандығының, еліміздегі құқықтық тәртіп пен тыныштықтың және әр қазақстандық сенімділігінің мызғымас кепілі. Ата заңға адал жауынгерлер ел игілігі мен қоғам тыныштығы жолында қалтқысыз қызмет ете бермек.

Шара барысында жауынгерлік қызметте ерік, жігерімен, табандылығы және еңбексүйгіштігімен дараланған әскери қызметшілерге құрмет көрсетіліп, сый-марапат жасалды.  

Сондай-ақ, ұландықтар аталған мерекеге айрықша құрмет білдіре отырып, Алматы қаласы С.Сейфуллин және М.Маметова көшелерінің қиылысындағы «МЕГА» ойын-сауық кешенінде қала тұрғындары үшін ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Генерал» ән-би ансамблі мерекелік концертік бағдарламамен тарту жасады.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

ҚР Ұлттық ұланы

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

баспасөз қызметінің бастығы