23 қаң, 2025 сағат 12:36

Ұлттық сөздік қор мен Ұлттық тіл корпусы құрылады

Фото: Egemen.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық отырысында депутат Алтынбек Нұхұлы қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жөніндегі заңнамаға түзетулерді таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz, Massagetkzке сілтеме жасап.

Сенатордың сөзінше, жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің тілдік модельімен айналысатын арнайы ұйым құрылады.

"Заң мақұлданған жағдайда Ұлттық сөздік қор мен Ұлттық тіл корпусы құрылып, лексикалық қор жүйеленетін болады. Жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) әзірленіп, мұнымен айналысатын арнайы ұйым белгіленеді. Бүгінгідей озық цифрлық технологиялар дамыған уақытта, аталған жаңашылдық ерекше маңызға ие. Енді бұрынғыдай Терминкомның тізімін теріп, сөздіктер ақтарып отырмайсыз, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің бас анықтамалығы сияқты болады. Бұл, қазақ тілінің бай лексикалық құрамын жүйелеуге, сақтауға, зерттеуге мүмкіндік береді және цифрлық ортада қолданылу аясын ерекше арттырады",- деді сенатор.

Сонымен қатар, "Білім туралы" заңға түзетулер енгізу көзделген. Бұл халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беруге арналған. 

Айта кетейік, Сенат "Мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады.