Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы күйетін кең-байтақ қазақ даласын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күзету мәселесін ұйымдастыру шекарашылар үшін оңай болмады. Әсіресе, кадр тапшылығы қатты сезілді. Міне, осы кезеңде Алматы қаласында орналасқан Шекара училищесіне ел басшылығы ерекше назар аударды.
Жоғары командалық училище жаңғыртылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтына, одан кейін Шекара академиясына айналды. Училищені дамытып, жетілдіргенмен барлық мәселе бірден шешіле қойған жоқ. Енді бойында қазақтың еліне, жеріне деген махаббаты бар шекарашылардың жаңа буынын дайындау мәселесі тұрды. Ол үшін Әскери институтқа осы міндеттерді атқаратын басшы керек болды. Таңдау көп адамға түсті. Соның ішінде бұл жауапкершілік қазақтың біртуар азаматы, генерал Бауыржан Елубаевқа жүктелді. Ал генерал Әскери институтқа келген күннен бастап қазақстандық шекарашыларды даярлау ісіне бел шешіп кірісті.
Мемлекеттік тіл бөліміне қарасты бөлімше бастығы болып ауысып келген алғашқы сәттен бастап байқағаным, ұлттық рухты, қазақы салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған бастаманың барлығын Бауыржан Ысқақұлы сөзсіз қолдайды екен. Басшысы мықты, қосшысы табанды болса, қара жерде кеме жүргізбей ме. Генералдың өзі қолдап қана қоймай өткізуге барынша жағдай туғызған бастаманың бірі – 2007 жылғы 16 желтоқсанға қарай ұйымдастырылған «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – желтоқсан» атты тарихи-танымдық әдеби-сазды кеш болатын. Кештің негізгі идеясы оқу орнының бет-бейнесінен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде сол кездегі биліктің шекара ущилищесі курсанттарын алаңға шыққан жастарды тыныштандыруға пайдаланғандығынан түскен қара дақты кетіру еді. Кешке Ләззат Асанованың, Қайрат Рысқұлбековтің, Ербол Сыпатаевтың аналары шақырылды. Желтоқсан оқиғасынан көлеңке эффектісі арқылы театрландырылған көрініс көрсетіліп, арнайы шақырылған Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрі «Желтоқсан» шығармасын орындады. Кештің кульминациялық сәті − Бауыржан Ысқақұлының сахнаға көтеріліп, Желтоқсан құрбандарының аналарынан кешірім сұрау сәті болды. Аналардың иықтарына қамзол жабылып, бастарына орамал салынды. Құрмет қарауылы үлкен себеттермен гүлдестелер әкеліп, алдарында бір тізерлеп, бастарын иді. Сол күн – қасиетті жұма еді. Бұдан әрі қарай боздақтардың әруағына арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Тәрбиеші-офицерлерге Отан қорғаушы өз елін, өз елінің салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-жүрегінен өткізген, жанындай сүйген адам болуы керек екендігі түсіндірілді. Себебі, болашақ ел қорғаушының отансүйгіштік тәрбиесінде ошақтың үш бұтындай – діл, тіл және дәстүрдің орны бөлек екендігі бесенеден белгілі. Туған жерге, елге деген махаббат, парыз сезімі осыларға деген құрметтен туындайды. Осы үштағанның біреуіне деген немқұрайдылық – рухани тұрақсыздыққа әкеліп соғатындығын тарих талай мәрте дәлелдеген. Б.Момышұлы бұл туралы: «Халықты жауынгерлік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін дәстүрлерінен қалай айыруға болады? ...Қатарымызды толықтырар жаңа күш келіп қосылып жатады, олардың кейбіреулеріне қарасақ, бет әлпеті біздікі, ал кеудесіне үңілсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей. Бұл қалай деп ойлайсың? Оның бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ. Бұл жағдай менің зығырданымды қайнатты, неге бұлай болды деп мұның себебін іздеуге мәжбүр болдым, сөйтсем бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар мақұрым екен. Егер бұл саналы түрде істелінсе – онда зиянкестік болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе – онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып таптағандық – нағыз ақымақтық әрекет болғаны. Дәстүр тәрбиенің басты қайнарларының бірі болып табылады әрі оның өте үлкен мәні бар», деген болатын «Соғыс психологиясы» еңбегінде. Жауынгерлік тәрбиеде тектілік, махаббат, сұлулық, төзімділік, сенім, көпшілдік, отансүйгіштік ұғымдары біртұтас. Осыны Бауыржан Ысқақұлы жан-жүрегімен түсініп, институттың оқу-тәрбие үдерісінде жүзеге асырды.
Қанатбек СОЛТАНОВ, полковник, ҰҚК Шекара академиясының аға оқытушысы