04 қар, 2017 сағат 09:07

Ұлттық киімдерді күнделікті өмірде киюге ыңғайлы етіп тігу мәселесі көтерілді

Оңтүстік Қазақстан облысында  «Ұлттық киім - ұрпаққа мұра» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған басқосуға өңірдегі  ұлттық киім өндіретін кәсіпкерлер мен дизайнерлер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған шарада сөз алған жобалық кеңсенің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков, ұлттық киімнің әрбір халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайтын құнды дүние екендігіне тоқталып өтті. Семинар-тренингке қатысқан дизайнерлер мен тігін шеберлері ұлттық киім түрлерін бүгінгі заман талабына сай, күнделікті тұрмыста киюге ыңғайлы етіп тігу мәселесін көтерді. Жастардың эстетикалық талғамын, ұлттық киім тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру екеніне тоқталды. Сондай-ақ, қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін халыққа жеткізу мәселелері жөнінде әңгіме қозғады. Осы мақсатта семинарды ұйымдастырушылар «Ұлттық киім - ұрпаққа мұра» атты жаңа жоба басталғанын атап өтті.

«Қадірлі қонақты, ел ағаларын сыйлау, қадір тұту мақсатында иығына шапан жауып, ілтипатымызды білдіреміз. Соңғы уақытта ол тойдың ғана сәні. Құрметті азаматтарға тілек барысында ғана жабамыз, сосын сөмкеге салынады не сандықтың түбіне кетеді. Соншалықты қасиетінен айырылғандығы сол, шапан бес-алты тойды айналып өзіңе қайта келеді. Шараны ұйымдастырудағы мақсат кәсіпкерлер, шеберлер, тігінші, дизайнерлермен бірлесе отырып, ұлттық киімге деген қоғамдық сананы өзгерту. Қайтсек құндылықты жаңғыртамыз, күнделікті заман ағымына қарай өзгертуге болатын тұстары бар ма? Халыққа жаңаша бір дүниелер ұсынуды сіздермен ақылдаса отырып шешсек», - деді өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңестің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның қорытындысы келесі жылдың қазан айында шығарылады. Оған дейін жоба аясында түрлі басқосулар, насихат және дәріптеу шаралары, ұлттық киімдер фестивалі өтеді.