Фото :inbusiness.kz
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Ұлттық банкі ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 15,25% деңгейінде сақталады деп шешім шығарды.
Банк бұл шешімнің негізгі себептерін де түсіндірді. 2024 жылғы желтоқсанда инфляция 8,6%-ға дейін күшейді, бірақ ол болжанған 8-9% аралығында қалды.
Мамандардың айтуынша, инфляцияға ең көп әсер еткен факторлар – қызмет көрсету саласындағы бағаның күрт өсуі және тамыздан бастап азық-түлікке жатпайтын тауарлар құнының жеделдеуі. Сонымен қатар, "тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының енгізілуі мен теңгенің әлсіреуі де инфляцияны күшейткен.
"Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр", - дейді банкирлер.
Сыртқы факторлар да маңызды рөл атқарды. Әлемдік нарықтағы азық-түлік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр, ал көршілес Ресейдегі инфляцияның өсуі Қазақстан экономикасына әсер етуде.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешімі 2025 жылдың 7 наурызында, Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланбақ.