Фото: QazNews24
Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебекке қатысты іс сатиралық басылымға байланысты емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомство Темірлан Еңсебекке қатысты сотқа дейінгі тергеу қандай айыптармен қаралып жатқанын түсіндірді.
«Ең алдымен, бұл істің сатиралық басылымдағы жарияланымдарға қатысы жоқ екенін атап өткіміз келеді. Істің қозғалуының себебі – бүкіл этнос өкілдерін қорлайтын және ұлтаралық алауыздықты қоздыратын мазмұндағы материалдың жариялануы. Бұл көпұлтты елімізде мүлде жол берілмейтін әрекет. Конституция бойынша ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі немесе дініне қарай кемсітуге болмайды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, полиция бірнеше азаматтың рұқсат етілмеген жеке пикеттерге шыққанына байланысты түсініктеме берді.
«Құқық бұзушыны қолдау мақсатында азаматтар бұқаралық іс-шараларды өткізудің белгіленген тәртібін әдейі бұзып, рұқсатсыз пикетке шықты. Бұл әрекеттер де құқық бұзушылық саналып, олар сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сонымен бірге, полиция «Йоу, орыстар» әнінің авторын анықтау мақсатында тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта азамат Е. Instagram парақшасында жариялаған әннің авторларын анықтау жұмыстары жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, сатиралық парақшаның авторы екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыған байланысты, «Сатира қылмыс емес» деген плакатпен пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамалған.