Ұлттық менталитет – ұлттың санасының биіктігі, өзіндік даналығы, оның жедел дамуының қуат көзі. Қазақстан халқын рух биіктігіне жетелеуге; қазақ қалпын, оның мінезін жаңа заман арнасында көштен қалмайтындай етіп қалыптастыруға, зиялылықты ту етіп, ұлт қамын өз қамымен қатар ойлайтын ел азаматтарының бәрі міндетті. Пассионарлыққа жеткен елдердің құпиясы – адам факторы, таңдау еркіндігі мен оны айқындаудағы сенімділік.
Мемлекеттік құрылыстың дамуын бақылағанда елдің әлемдік рейтингтегі орны оның тұрғындарының санына немесе ресурстарының молдығына байланысты емес. Құдайлар елі деп аталатын Үндістан мен Аспан асты елі – Қытай тұрғындар саны жағынан өзге елдерден анағұрлым қол үзіп алға шығып кеткенімен, жарқын мәдениеті мен терең философиясы бар тамаша өзіндік өркениеті қалыптасқанымен, тұтынуда біз бүгінде жапон мен неміс тауарларына басымдық береміз. Себебі, Германия мен Жапония өздерінің құндылықтан жүйесін, өз менталитетін құрған, «неміс сапасы», «жапон сапасы» деп аталатын тауар бағасына қоса берілетін кепілдік пен абырой қалыптастырған.
Жапондардың тұтас ұрпақтары самурайлықтың жан-дүниесіне, оның ментальдық мәніне нәр беретін самурайлардың Бусидо ар-намыс кодексінің талаптарына сай тәрбиеленген. Жапондардың өмір сүру қалпы мен жапондық мінез көрсететін самурайлық трактаттары соңғы 300 жылдан астам уақыт мемлекеттік басқару мен іскерлік қызмет салаларында пайдаланылып келеді. Олардағы негізгі ережелер мыналар: әрбір өнерден хабарың болсын, жаттығу да бір бағытың болсын; барлық кәсіптердің жөнін біл; көрінбейтінді болжа; пайдасыз іспен ешуақытта айналыспа. Жапондықтарды жетілдіретін рух мынадай құндылықтарға ие: міндеттілік, парыз, қабілеттілік пен руханилықтың одағы, сапаға мән беру, қадыр-қасиет күші, жетілуге талаптану факторы, «рух жайлылығы» мәдениеті, «жақсысын алып, жаманын қалдыру» принципін ұстану, «істі махаббатпен жүргізу». Самурайлардың моральдық-этикалық кодексі «Қателікті бірден түзету керек, оны жасырам десең, ол бұрынғыдан да әбестікке ұрындырады және ауыр тиетін болады» деген принципті ұстанады. Жапон ұлтының көбі өздерін дара, биік принциптері бар, тәртіпті және әсемдікті сезіне алатын тұлға ретінде көргісі келеді. Кайдзен менталитеті (үздіксіз жақсару) әрбір жапондықтың қанында болуы тиіс – іскерлікте де, өмірде де мынадай принциптердің кепілі: барлығы түгелдей жақсара алады және жақсаруы тиіс; сынағанға емес, қателіктерді жоятын жақсартулар жайлы ұсынысқа өзіңді бағытта; алдымен табыс емес – сапа, тұтынушыны қанағаттандырған жағдайда ғана кәсіпорынның ісі алға басады; әркім-ақ проблемаларды көрсетіп, оны жақсарту жайлы ұсыныстар жасай алады. Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліс тапқан Жапония мен Германияда ұлттық мобилизация сол елдерде қалыптасқан ұлттық дәстүрлер әсер етті.
Германиядағы «тұтынушы – король» деп аталатын ұлттық өндірістік ұстаным мен «тұтынушы өнімге риза болуы керек, ал, идеалдағыдай болсын десек тұтынушы өнімге сүйінішті болуы тиіс» деген мақсатының неміс өндірісінде бірден емес, жүзжылдықтар өте келе қалыптасқанын мойындау керек. Немістердің шаруашылық тәртібі, кәсіпкерлік мәдениеті жайлы елдің бүгінгі жетістіктерінің негізін қалаған белгілі саясаты ерте ортағасырлық мерзімнен бері қалыптасып келе жатқан үрдістер еді. XIII ғасырда-ақ келісімдерді құқықтық қорғайтын, мәмілелерді есепке алатын жүйе құрылды. XVII ғасырдың басында Рейхстаг монополияға қарсы заң қабылдады. Біздің елде ондай заң 400 жылдан кейін қабылданды. Біздің қазіргі Конституциямызда бекітілген меншік қоғам игілігіне де қызмет етуі тиіс деген ереже ол елде сол кездің өзінде-ақ нақтыланған болатын. Бізде ол да әлі констанса ретінде ғана солай. Неміс бизнесіне «Кім жақсаруға тырыспаса, ол жақсы бола алмайды» деген ереже тән. Біздегі ұран «тез баюдың қай ережесі болса да, ұстанып қал» болып тұр.
Немістер ремеслоны өнер дәрежесіне көтере білді, олардың сапа үрдісі менталитеттің бір көрінісі ретінде, сайып келгенде іскерлік этикасын және ұлттық сана-сезім деңгейіндегі жауапкершілікті қалыптастыратын мынадай ұлттық сапалар арқылы жетіле түсті: ыждағаттылық, сенімділік, айқындық, мазмұндылық, ішіне үңілу, жетілуге, жаңалыққа ұмтылу, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік, сынға сындарлы қарау мен оны қабылдау қабілеті, жөнге жығылу, шығармашылыққа бейімділік, икемділік, өз бетімен жұмыс атқара алу, ынталылық, бірлесіп жұмыс атқара білу.
Ұлттың азаматтық менталитеті – ол діл, оның негізі байырғы ұлттық биік парасатта, ол ұлттық игілікті молайтатын өндірістік мәдениетке де әсер етеді, сол арқылы әр отбасына жоғары табыс келтіретіні айқын. Мемлекеттің бүкіләлемдік рейтингтегі орнын анықтайтын ұлттық менталитеттің кезекті бір феномені – коррупцияны түйсіну индексі (коррупция сөзінің орысшасы алынды, себебі – сыбайлас жемқорлық сөзі оның толық мағынасын бермейді). Бұл индекс әлемдік рейтингте жоғары орындарды иемденген елдерде өте төмен. Алдыңғы үштіктегі елдерде (Жаңа Зеландия, Швеция, Сингапур) төменгі коррупция (өз міндетін орындағаны үшін алынатын ұсақ алым) атымен жоқ.
Ирландия, Сингапур елдерінде мемлекеттік шенеунікке коррупциясы үшін ұсталу кісі өлтірумен тең. Бұл елдердегі қоғамдық пікір мораль тұрғысынан қарағанда коррупцияға шатылуды мемлекетке жаулық жасаумен теңестіреді. Сингапурда: «коррупция, есірткі пайдалану, ұрлық, жезөкшелік – өлім» деген азаматтық ой-сана қалыптасқан.
Жоғарыда «коррупция» сөзі ресми қазақшаланғанда толық мағынаға ие емес» дедік. Соған дәлел: «сыбайлас жемқорлық» – бір адамның екінші адаммен немесе бір топтың екінші бір топпен сыбайласып, келісіп алып көлденең табыс табуы және оны бөлісуі деп түсінуге келеді. Ал, төменгі деңгейдегі коррупция сыбайласып жасалмайды, оны бір қызмет орнының иесі қолынан келіп тұрған, мемлекет немесе мекеме оны сол қызметті жасауға міндеттеп қойған жерде отырып, сол қызметі үшін ақы дәмететін, оны бермесе ісін тындырмайтын дәрежеге апарып қойған жағдайды айтады. Мәселен, бүлдіршінді балабақшаға орналастыру кезегі келіп тұрса да кейін ысырыла береді, бір жерден мәлімет алғың келсе бос отырып-ақ кейінге қалдыру, т.с.с. Бұл – қоғамдық санада әрбір шенеунікке «мен тұрғындарға қызмет ету үшін осында отырмын, сол үшін жалақы аламын» деп өз жұмысын, тұрғындар алдындағы жауапкершілігін қалыптастыра алмағанымыздан.
Біріккен Араб Әмірлігін алып қарасақ, өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ол ел кедейлік жайлаған, дастархан мәзірі бар болғаны бес-ақ тамақ өнімдері түрлерінен тұратын, ауаның температурасы жыл он екі ай 60 градустың шамасында болатын ел болған. Олар картофель, қызанақ дегендердің не екенін білмеген. Абу Даби кішкентай ғана балықшылар ауылы болған. Әмірліктердің бағына сол жылдары елге екі игілік келген: 1) билік басына король Зеид келген; 2) елде мол мұнай көздері игеріле бастаған. Осы екі фактордың нәтижесінде отыз жыл өтпей олар әлемдегі озық елдердің қатарына кірді. Король Зеидтің бар болғаны үш сыныптық қана білімі болған. Ол билікке келе сала 1 + 1 = 11 деген ереже ұсынған, яғни, байлығымыз бен білігіміз арқылы біз бірнеше есе бай болуға тиіспіз деген. Ол ең алдымен 60 градустық ыстықты төмендетуге тырысқан. Ол үшін жерді көгалдандыруға бой ұрған. Тұз басқан жерге еккен ағаштары көп ұзамай солып қала берген соң, ағаштардың тамырын жердегі сор өтпейтін етіп оратып егетін болған. Көгалдық шөптер мен гүлдерді де солай еккізген. Алайда, ағаштардың бой түзеп өсуіне Парсы шығанағынан ұдайы соғатын тұзды жел залал келтіріп, бәрібір, ағаштар көпке бармай, солып қалған.
Өз халқының жалқаулығын білетін король, елінен өтіп бара жатқан жолаушылардың бәрін көп ақша беретінін айтып, елде қалып жұмыс істеуге үндеген. Оларды жерді көгалдандырумен қатар қала салуға жұмсаған. Қала салынған соң желдің екпіні бәсеңдеп, бағыты өзгерген де, ағаштарды тұзды жел өлтіре алмайтын болған. Осылай қалалар гүлденген. Бас-аяғы 15-20 жылда қаладағы ыстық ауаның температурасы 40 градустан аспайтын дәрежеге жеткен. Қалаға келушілер көбейген, онда өндіріс дами бастаған. Мұнай сатып алған елдер жаңа технологиялар енгізіп, зауыттар мен фабрикалар салып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азайған. Флора мен фаунаның көбеюі қаланы көріктендірген. Көгалдар мен ағаштардан шыққан оттегі молайып, қала тұрғындарының денсаулығы жақсарған. Бүгінде елдегі ұлттық табыстың 30-40 пайызы мұнайдан, қалғаны өндіріс пен туризмнен түседі.
Біздің елімізде де осы ширек ғасыр ішінде осы секілді істерді атқаруда елеулі ілгерілеушілік бар. Елбасының Астана қаласының төңірегін кең аумақта жасыл белдеу жасаттырғаны қысының жұмсақ, жазының алапат желдің нәтижесінде болатын шаң тозаңнан айырды. Қаладағы жердің бәрінде ғимараттар, жолдар, тротуарлар, парктерден басқа жағдайда жасыл шөп, гүлзарлар немесе тас төселген болуы тиіс, – деген Президент тапсырмасы да мұқият орындалды. Біздің ойымызша, менталитет – мемлекеттік басқарудың үлкен ресурсы. Ол біркелкі, түсінікті, ұлттың түйсінуіне және басқаруға болатын жағдайда болғанда ғана оның өнімділігі ұлттың тиімділігіне қызмет ете алады. Менталитет – адамдардың әлемді қабылдауы, қалай көрсе, солай өмір сүруі және олардың көңіл-күйін, ақылын бабына келтіруі. Демек, ақылды бабына келтіру мүмкін болғаны. Бірақ, әсер ету мен зорлау екеуі екі басқа, оның шекарасы нәзік.
Көптеген өркениеттердің тарихында ар-намыс кодексі деп аталатын державалық потенциалдың ядросы саналатын құндылықтар бар, олар дворяндарға, арийлерге, шеркес дворяндарына, т.с.с. арнаулы топтарға арналған. Мысал үшін алар болсақ, Шыңғысханның Яссасы, Әмір Темірдің жинағы, қалмақтардың «Жасағасы», чешендердің «Къонахалласы», жапондардың Бусидосы, әзірбайжандардың «Китаби Деде Горгуты», т.б. секілді ұлттың рухына нәр беретін, тек қана мемлекеттік мүдде үшін қызмет ететін кодекстері бар. Әлемде америкалықтың, немістің, жапондықтың классикалық бейнесі бар. Немістің, жапонның, өзбектің менталитеті десе, біз оны ұлттың жақсы жақтары деп түсінеміз. Ал, қазақтың менталитеті деп біз нені айтамыз? Қазақтың бүгінгі танымал бейнесі қандай? Расында, қазақтың менталитеті (ділі, бейнесі) бұрын қандай еді, бүгін қандай, ойлап көрелікші. Бұрынғы қазақ намысты қолдан бермейтін. Сол мінезімен ұлан-байтақ жерді иемденіп қалып еді. Абай «Отыз тоғызыншы сөзінде»: бұрынғы бiздiң ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екi мiнезi бар екен. Әуелi – ол заманда ел басы, топ басыларына екi тiзгiн, бiр шылбырды бередi екен де, ісіне араласпайды екен. Екiншiсi – намысқор келедi екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. Кәнiки, ендi осы екi мiнез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келедi. Бұлардан айрылдық» дейді. Бұдан шықты, біздің қазақ сенім мен намысты сонау Абай заманында-ақ жоғалтып алған екен. Сол айрылғаннан осы күнге дейін бұл бейнеміз қалпына келмепті.Қазақтың еркіндікке құштарлығы, бір сөзділігі, үлкенді тыңдайтыны, уәжге тұратыны, ер көңілділігі сол заманғы қалыпта қалды ма? Ол кезден қазақта қалса етті көп жейтіні мен тойшыл-серуеншілдігі ғана қалды-ау осы. Демек, менталитет ұлтқа қызмет етуі де, қарсы қызмет етуі де мүмкін. Және адамның менталитетіне сыртқы ортаның да әсері болады. Ол динамика заңдарына бағынады, ол регрессия түрінде де, прогрессия түрінде де болуы мүмкін.
Мемлекет құраушы ұлттың бірінші сортты екенін айта түсу қажет пе?!
Біз «кім маңызды?» деген сауалды жиі айтып, «не маңызды?» дегенді ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?
Республикамыздағы негіздемелік принциптердің арасында «қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизм» Конституциямызда жазулы. Осы қазақстандық патриотизмнің негізінде ұлттық азаматтық менталитет жатқан жоқ па?
Бір ұлттың атын иемдену үшін азаматтық қайтарым болуы тиіс.
Менталитет пен ұлттың келешегін бетімен жіберуге де болады, оны ұлттың көркеюі үшін оның тиімділігін арттыруға қабілетті басқаруға болатын мемлекеттік ресурс ретінде қарауға да болады.
Менталитет – ұлттың белгісі, қасиеті. Белгісі мен қасиеттерін өзгерту арқылы ұлтты өзгертуге бола ма? Басқа сөзбен айтқанда, қоғам адамның мінезін өзгертеді, мүмкін адамның мінезін емес, табиғатын өзгерткен жөн болар ма еді?!
Менталитет тума қасиет емес, қалыптастыруға болатын қасиет.
Бүгінгі қазақстандықтарға катарсис (тазару, арылу, жетілу) ретінде ұлттық ар-намыс кодексі немесе ұлттың этикалық коды қажет. Ол ұлттың биік парасатын зерттеуші, жігерлендіруші және бірлестіруші күші болуы керек. Этика кодексі қазақстандық менталитеттің мәні, рухани діңгегі, мемлекеттің ұлылығын қалыптастыратын потенциалдың ядросы болуы тиіс. Бұндай кодекстер бізде ішінара бар. Бірақ, олар біртұтас емес, әр түрлі салаларға қатысты болып келеді (мемлекеттік қызметшілердің, дәрігерлердің, депутаттардың, судьялардың, психологтардың), бірақ олар кәсіби мамандық иелерінің кодекстері. Оның оң ықпалы да бар. Дегенмен, принципінде кәсіби этика қызметтік болып табылады және оның қолданыс аясы жұмыс басталып аяқталғанша ғана, яғни, уақытша.
Бізде, барша халқымызды біріктіретін және бір-бірімен тең санайтын «Қазақстандық этикалық кодекс» болуы тиіс.
Ұлттың жетістіктері – оның менталитетінің нәтижесі, ал, менталитет трасформациялануға бейім.
Сондықтан, мынадай қорытынды жасауға болады:
– Пассионарлыққа жеткен елдердің құпиясы – адам факторы, таңдау еркіндігі мен оны айқындаудағы сенімділік.
– Мемлекеттің әлемдік рейтингтегі орны оның тұрғындарының санына немесе ресурстарының молдығына байланысты емес.
– Менталитет біркелкі, түсінікті, ұлттың түйсінуіне және басқаруға болатын жағдайда болғанда ғана оның өнімділігі ұлттың тиімділігіне қызмет ете алады.
– Менталитет – адамдардың әлемді қабылдауы, қалай көрсе, солай өмір сүруі және ақылын бабына келтіруі.
– Қазақтың менталитеті осы деп айтарда, қазақтың бүгінгі танымал бейнесін саралауға тиіспіз.
– Менталитет ұлтқа қызмет етуі де, қарсы қызмет етуі де мүмкін.
– Мемлекеттің бүкіләлемдік рейтингтегі орнын анықтайтын ұлттық менталитеттің бір феномені – коррупцияны түйсіну индексі.
– Мемлекет құраушы ұлт бірінші сортты деу орынды емес.
– Мәселені «кім маңызды?» деп емес, «не маңызды?» деп қоюымыз керек.
– Конституциямызда айтылған қазақстандық патриотизмнің негізінде ұлттық азаматтық менталитет бар.
– Менталитет – мемлекеттік ресурс, мемлекеттік басқару ресурсы.
– Менталитеттің жағымды белгілері: ыждағаттылық, сенімділік, айқындық, мазмұндылық, ішіне үңілу, жетілуге тырысу, жаңалыққа ұмтылу, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік, сынға сындарлы қарау мен оны қабылдау қабілеті, жөнге жығылу, шығармашылыққа бейімділік, икемділік, өз бетімен жұмыс атқара алу, ынталылық, бірлесіп жұмыс атқара білу.
– Менталитеттің жағымсыз белгілері: енжарлық, намыссыздық, сатқындық, дүниеге берілу, жағымпаздық, т.с.с.
– Менталитет тума қасиет емес, қалыптастыруға болатын қасиет.
– Бізге қазақстандық менталитеттің мәні, рухани діңгегі, мемлекеттің ұлылығын қалыптастыратын потенциалдың ядросы боларлық «Қазақстандық этикалық» кодекс керек.
– Ұлттың жетістіктері – оның менталитетіне тәуелді.
Менталитет дегеніміз – діл. Ділді қалыптастыруға болады. Менталитеті биік деп қай мінездерді айтамыз, яғни, ниетіміздегідей қалыптасқан, біздің қалауымыздағы қазақ менталитеті қалай болуға керек? Ол – ұлт намысын да, өз намысын да биік қоя білу, жасампаздық, біліктілік, тәртіптілік, ардан аттамау, қызметін сатпау, қоғамдікіне және өзгенікіне көзін түсірмеу, өлшемді білу, иманға сай қызмет ету.
Біз ұлттық идеяны көп іздедік. Президентіміз ұлттық идеямыз «Мәңгілік ел» деп ұсынды. Қоғам оны мақұлдады. «Мәңгілік ел» атануға жетуі үшін біздің мемлекетіміз, үкіметіміз және халқымыз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұл – Президент ұсынысы.
Елбасының 2004 және 2006 жылдарғы халыққа арнаған Жолдауларында Қазақстанның, оның экономикасының, Үкіметінің және халқының бәсекеге қабілетті болып жетілуі – еліміздің алдыңғы қатарлы елдерге теңесуінің алғышарты деген тұжырымы негіз болған еді. Шынында, мынадай тез дамып жатқан заманда ескі замандағыдай кең қолтық жағдай елімізді, қазағымызды артқа тартпасын, біз де басқа үздік елдердің азаматтарындай қабілет-қарымымызды арттырып, білім-білігімізді еселей түссек, тарих көшінде алдыңғы қатарлы елу елдің ішінен табылуымыз мүмкін, – деген арманымыз орындалып, елуліктің құрамында болу тұрақталды. Алдымызда жаңа мақсат – әлемнің 30 озық елінің құрамына ену қойылды. Бұл жетістік Президентіміздің көреген саясатының, істі батыл алға апарудағы лидерлік қасиетінің нәтижесі екені анық.
Расында, бәсекеге қабілетті болу үшін ұлтымыздың менталитеті өндірістік мәдениетті жетілдіру арқылы сапалы өнім шығару, коррупцияны жою, мемлекеттік қызметшіге сенімді арттыру, азаматтық сананы сауықтыру, ұлттың өзін-өзі бағалауын көтеру арқылы менталитетіміз жақсы жағынан қалыптасса беріктеле түседі деген ойымыз бізді алға жетелеп келеді.
Енді, «Қазақстан – 2030» Стратегиясында жария еткен, осы екі аралықта өзекті болған «әуелі экономика, сосын саясат» идеясы еліміз алдыңғы қатарлы 50 елдің құрамында батыл қадам басқан бұл күндері, ол өз міндетін атқарғандықтан, ендігі жерде: «экономикалық әлеует, әлеуметтік қорғау, сындарлы демократия – мемлекетіміздің үш тұғырлы саясаты» деп айтуға тиіспіз. Қазақтың көші осы үшеуін бір-бірінен ажыратпай бірге алып жүргенде түзу тартпақ.
Ұлт менталитетін бақылау мен түзетіп отырудағы жетекші күштер – зиялылар, ғалымдар мен демократтарымыз әрқайсысы өздері үшін ұрымтал, ұпай алатын мәселелердің төңірегін шиырлай бермей, кең көлемде ойлап, жүйелі істерге қол созар мезгіл жеткен сияқты.
Кемел Мырзагелді, профессор,
Гүлнар Байгелди, MBA магистрі